Атырау, 21 желтоқсан 16:54
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 557 просмотра

МУАЙ-ТАЙ


Қостанайда муай-тайдан ел чемпионаты өтті. Дода Атыраудың намысын қорғаған «Қайсар» спорт клубы үшін табысты болып, 4 алтын, 1 күміс және 5 қола алқа алып қайтты. Нәтижесінде командалық есепте екінші орын алды (1-орын Астана командасында, 3-орында Петропавл командасы).

Өз салмақ дәрежелері бойынша Аида Хайруллина, Еламан Саясатов, ағайындылар Ищан мен Әбіл Ғалиевтар чемпион атанды. Күміс алқаны Мұқанжан Бауырбек, қола алқаны Сергей Магриденов, Мыңбай Жұмабек, Еркебұлан Асқарұлы, Нұрсұлтан Самиғазиев пен Руслан Байтуғанов алды.  Спортшыларды «Қайсар» спорт клубының облыстық муай-тай федерациясының бапкерлер командасы дайындады.

Бапкерлер қолдау көрсеткендері үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Р.Х.Ибрагимовқа және федерацияның құрметті президенті Е.Х.Табылдиевқа алғыс білдіреді. Республикалық муай-тай федерациясынан Ф.А.Аманқұловқа халықаралық деңгейдегі палуандарды дайындаудағы зор еңбектері үшін жеке алғыс айтады.

КАРАТЭ

Нұр-Сұлтанда олимпиадалық (WKF) каратэ бойынша VI ашық Kazakhstan Open халықаралық турнирі  өткізілді. Жарысқа 14 елден келген 342 спортшы қатысты.

Атырау (СК "Қайсар") командасы 9 медальды жеңіп алды:  «алтын» - Батырғали Әбілмансур, Руслан Бекзат және Нұрсұлтан Қалиев; «күміс» - Жаңбыр Бейбарыс және Валерия Квон; «қола» - Аина Азизова,  Кенжебай Нұрбек және Батырғали Файзолла.

ВОЛЕЙБОЛ 

Таиландта отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионаты өтті. Толығымен «Атырау» командасының ойыншыларынан құралған ҚР құрамасы чемпионатта қола медальға ие болды.

Бірінші матчта біздің команда 3:0 есебімен Жапония командасынан басым түсті, одан кейін тағы да осындай есеппен Камбоджа командасын тізе бүктірді. Содан кейін Қытай командасынан ұтылғанмен Таиланд пен Оңтүстік Кореяны жеңіп кетті. Нәтижесінде – қолаға қол жеткізді, алайда Токиода өтетін Параолимпиада  ойындарына лицензия ұту үшін бұл жеткіліксіз. Енді бір мүмкіндік ол күзде АҚШ-та өтетін әлем кубогі болып тұр.

ЖҮЗУ

Берлинде паражүзу бойынша әлем кубогі өтті.

Атыраулық спортшы, ПараАзия ойындарының чемпионы Ержан Сәлімгереев жүлделердің толық жиынтығын жеңіп, өзінің шеберлігін көрсетті: еркін стильде 50 метр қашықтықта – «алтын», 100 және 50 метр қашықтықта баттерфляй бойынша «күміс» және «қола» медалдарды иемденді. Біздің тағы жүзуші спортшымыз Дмитрий Ли 50 метрден 4 эстафетада «күмісті» жеңіп алды.  

АРМРЕСТЛИНГ

Қырғыздың Шолпан-ата қаласында мүгедектер арасында армрестлингтен Азия чемпионаты болды. Жарысқа Атырау облысы мүгедектер спорт клубының 5 мүшесі қатысты.

75 және 80 келі салмақта күміс медалды Медет пен Гүлден Сұпығалиевтер, ал, 90 келі салмақ бойынша Қажмұқан Нұрмағамбетов «қолаға» ие болды. Спортшыларды И. Телеуғалиев пен У.Тлепов жаттықтырады.

ТАЭКВОНДО Австриялық Инсбург қаласында халықаралық "Austrian Open G-1" рейтинг турнирі өтті. Турнирде атыраулық спортшылар шеберлік танытты.   

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша әйелдер арасында күміс медальға Айгүл Елубай ие болды. Жасөспірімдер арасында Әли Жұмабай (37 келіге дейінгі) «күміске», ал, Артур Серік  (33 келіге дейін) – «қола» медальды қанжығасына байлады.

БОКС

Венгрияның Эгер қаласында «Gergely Bornemissza" халықаралық турнирі өтті. Оған Германия, Хорватия, Таиланд, Канада және басқа да елдердің мықты деген жас боксшылары қатысты. Қазақстан құрамасы турнирде 7 алтын, 5 күміс және 2 қола жүлдеге ие болды.

«Алтын» медальдің біреуінің жерлесіміз спортшы Аманат Сабырғалиға бұйырғанын атап өткен жөн. 91 келіден жоғары салмақта бақ сынаған Аманат 3 кездесу өткізіп, барлығында да қарсыластарына есе жібермеді. Спортшыны Ерлан Сахипов жаттықтырады.

* * * * *

Қарағанды облысындағы  Абай қаласында қыздар арасында республикалық турнир өтті. Жаттықтырушы А.Көшеновтің жетекшілігімен турнирге қатысқан Атырау құрамасы 5 алтын, 3 күміс және 1 қола медальды жеңіп алды.

Өз салмақ дәрежелері бойынша Мадина Азвкеева, Гаухар Зарден, Арайлым Есенғалиева, Нұрай Жұмабаева және Ақнар Ищанова турнир жеңімпаздары болды.

* * * * *

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау селосында жасөспірімдер арасында Қазақ КСРО спорт шебері Е Ищекеновті еске түсіру құрметіне арналған халықаралық турнир өткізілді.

Атыраулық боксшылар Ержан Жұбанов (36 келіге дейін) және Аян Сабиров (58 келіге дейін) «қола» медальды жеңіп алды. Балаларды Азамат Байдуллиев жаттықтырады.

ДЗЮДО

Қызылордада 2004-05 ж.т. жасөспірімдер арасында еліміз чемпионаты өтті.

Атыраулық спортшылар 4 медальды иеленді: "алтын" - Олжас Құмар, "қола" - Дана Абдирова, Аяжан Хайролла және Аружан Жандарбай. Оларды К.Тайжанова, Д.Жақсиев және А.Табынбаев жаттықтырады.

ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ҰРЫС

Щучинск қаласында мемлекеттік «Күзет» полициясы қызметкерлері арасында ІІМ чемпионатына іріктеу  бойынша еліміздің чемпионаты өтті.

Атыраудан қатысқан Эльдар Мұхитов 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «алтынды» жеңіп алды. Чемпионды Хайдар Есенғалиев жаттықтырады.

САМБО 

Ақтөбеде 2003-04 ж.т. жасөспірімдер арасында  еліміз чемпионаты болды.

Атыраулық қатысушылар арасында чемпиондық титулды Әбілмансұр Ғалым және Сырым Байғалиев жеңіп алды.

КІШІ-ФУТБОЛ 

Құлсарыда 2006-07 ж.т. жасөспірімдер арасында кіші-футболдан Жылыой ауданы әкімінің кубогі үшін алғаш рет турнир өтті. Турнирге Бішкек, Астрахан және Қазақстанның бірнеше қалаларынан келген командалар қатысты.

Кубокті қырғыздың  «Топ-тоголок» командасы жеңіп алды, 2-ші орынды ақтөбеліктер иеленсе, 3-ші орын – ақтаулықтардың еншісінде қалды. 

19 маусым 2019, 17:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.