Атырау, 24 қараша 19:41
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шегірткені көктен де, жерден де құртады

2 861 просмотра

Атырау облысында үйірлі шегірткеге қарсы 8640 гектар (оның 5  мың гектары Құрманғазы ауданына тиесілі) жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Оның басым бөлігі (5000 га) Құрманғазы ауданына тиесілі. Бұл туралы облыстық аумақтық инспекцияның ұйымдастыруымен Құрманғазы ауданы Мақаш ауылдық округінде болған далалық штаб отырысында айтылды. Жиынға ресейлік мамандар да қатысты.

-Биыл судың аз келуіне байланысты шегіртке тектес зиянкестердің шығатын аумағының ұлғаю қаупі бар. Шегірткені дер кезінде ауыздықтамаса, онда диқан егінінен, малшы жайылымдық пен шабындық жерінен айрылуы мүмкін, - деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ.

Ресейлік мамандардың айтуынша, осы бағытта шекаралас орналасқан екі облыс бұрыннан бірлесе жұмыс істейді екен. Себебі, үйірлі шегіртке бір орыннан екінші орынға ұшып-қонып, бағыт-бағдарсыз жүреді. 2017 жылы Дагестан  мен Калмыкия аймағынан мароккандық үйірлі шегіртке ұшып келіп, соған қарсы тұруға тура келді.

- Итальяндық шегірткелер 4  мың гектарды жайлап үлгерген, егер оны дер кезінде тоқтатпаса, зиянкес бұдан екі есе жерді жайлап кетуі мүмкін. 12 маусымда әуе тәсілімен 2 мың гектарға химиялық өңдеу жүрді, - деді «Россельхозцентр» ФМБМ Астрахань облысы филиалының басшысы Виктор ШЛЯХОВ.

Ал Атырау облысында үйірлі шегірткенің азиаттық және итальяндық прус деп аталатын екі түрі кездеседі. Теңізге жақын Құрманғазы  мен Исатай аудандарында азиаттық, ал итальяндық аталмыш аудандармен қоса Қызылқоғаның құмды жеріне үйір болып тұр.

- Биыл 8640 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл жұмыстардың бір бөлігі жер үсті тәсілімен жүргізілсе, көлік бара алмайтын қолайсыз аумаққа жеңіл дельталет арқылы әуе тәсілімен өңделетін болады, - дейді ҚР АШМ АӨК МИК-нің Атырау облыстық аумақтық инспекция басшысы Абат ЖАНҒАЛИЕВ. - Енді бізге бүріккіш техникалар да қажет болады. Бұл ұсынысты біз хаттамаға енгіздік.

Бүгінде Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарында зиянкестерге қарсы улау жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмысқа Алматының «Агросила» мен Ақтөбенің «ЗапКазФумигация» ЖШС тартылды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

19 маусым 2019, 15:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.