Кәмелет жасына толмаған 4 баласын асырап бағу үшін алимент төлемеген борышкер Ж. Құрманғазы аудандық соттың шешімімен 5 тәулікке қамауға алынды.
***
Атырау қаласының №2 сотында ҚР ҚК 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) М. Т-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Осы жылдың сәуір айында қаланың «Өркен» ықшам ауданында орта дәрежеде масаң күйде көлікті айдап жүрген жерінен ұсталады. Сотта анықталғанындай, ол 2017 жылы соттың шешімімен 3 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған екен. Сот тағы да үш жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырып, 50 500 теңге айыппұл салды.
***
Сәуірде «Toyota Camry» көлігімен «Атырау-Индер» тас жолының бойында «мал айдау» жол белгісіне қарамай, сиыр қағып кеткен жүргізушіге 35 350 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сотта айыпкер өз кінәсін мойындамай, жол үстінде 60 км\сағ жылдамдықпен жүргенін алға тартумен болса да, жазадан құтылмады.
***
Құрманғазы аудандық соты азамат С.-ны ӘҚБтКның 449-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оны бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады. Ол Құрманғазы ауданы Дәулеткерей ауылы тұсындағы жанар май құю бекетінде жолаушыларға тиісіп, мазаларын алып, ақша сұрап, жауапқа тартылған еді.