Әлеуметтік желіде Мақат ауданы Ескене ауылынан 5 шақырым жерден тұщы көлдің пайда болғаны жөнінде видео тарады. «АЖ» тілшісі көлдің қайдан пайда болғанын білмек болып, су көзінің басына барды.
Мұны шынымен ғажайып па дерсің – сор мен мұнайға толы жер астынан ауыз су бұлақтай бүлкілдеп шығып жатыр. Тіршілік нәрі 20 мың шаршы метр аумаққа жайылған.
Осы кезге дейін аудан халқы «Қиғаш-Маңғышлақ» магистральдық су құбырына тәуелді болып келген еді. Тек қана ауыз су ретінде емес, шаруашылықтар малын да содан суаратын. Сол ондаған қожалықтар судың аздығынан көршілес Қызылқоға ауданының жерін пайдаланып, малын сол жақта ұстап отыр. Ал күтпеген жерден жер астынан көлдің пайда болуы мақаттықтар үшін ертегідей болды.
Алайда гидрогеолог мамандардың пікірі басқаша.
- Облыс аумағының барлық дерлік жері тұщы су көзін табу мақсатында гидрогеологиялық зерттеуден өткен. Қолымыздағы мәліметтерге сүйене айтсам, ол жерде мүлдем тұщы су жоқ,- деді өңірімізге белгілі гидрогеолог Едіге САБУРОВ. - Бұл су жерастында жатқан құбыр тесіліп, содан шығып жатқан болуы әбден мүмкін. Мен бұл видеоны көрдім, су буырқанып шығып жатты. Құбыр жарылғанда осылай болады.
Көлдің пайда болу себебін анықтау үшін Мақат аудандық әкімі «АтырауСуАрнасы» КМК, «ҚазТрансОйл» АҚ және «Теміржол жылу Атырау» ЖШС мекемелеріне сұраныс жіберген. Сонымен қатар «Атыраугидрогеология» ЖШС-ке де судың пайда болу себебін анықтау үшін өтініш жолдады.
Гидрогеологтардың жауабы:
- ... Гидрогеологиялық зерделеу деректеріне сәйкес, шаруашылық мақсаттарына қолдануға болатын жер асты сулары анықталмады... Ескене маңында пайда болған су техногендік сипатта болуы мүмкін. Сол аумақта Атырау-Доссор, Қиғаш-Маңғышлақ суағызғылары бар,- деп хабарланған «Атыраугидрогеология» ЖШС жіберген жауапхатта.
Аудандық әкімдікке «ҚазТрансОйл» АҚ-тан келген жауап хатта өздерінің су ағызу құбыр желілерінде ешқандай апат болмағанын хабарланған.
Ал «АтырауСуАрнасы» КМК бұл аймақта құбыры жоқ екенін мәлімдеді.
«Доссормұнайгаз» МГӨБ қызметкерлері оқиға орнына барып, жақын маңдағы Ескене кен орны мен су шыққан жер арасындағы тау-кен бөлінісі координаттарын тексерді және су жиналған жер МГӨБ тау-кен бөлінісі аймағынан тыс жерде екені анықтады. Осы жерге ең жақын барлау ұңғымасы 13 шақырым қашықта орналасқан.
Бұлай болса, су қайдан шықты? Мақат ауданы әкімдігі Ескене маңындағы таңғажайып су көзін зерделеу әлі жалғасып жатқанын айтады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор