Атырау, 24 қараша 19:35
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тозақ торына түскендер

3 578 просмотра


2017 жылдың шілдесінен бастап Атырауда апиынды ауыстыру терапиясы бағдарламасы жүзеге асырылып келеді, яғни, героинге тәуелді нашақорлар синтетикалық метадон дәрісін қолдана бастады. Содан бері олардың өмірінде өзгеріс пайда болды, мұны пациенттердің өздері растап отыр.

Бастапқыда бағдарламада сегіз қатысушы ғана болды. Облыстық наркологиялық диспансер қызметкерлері олардың біреуін тура жолдан ескі достарының тайдырғанын айтады, сөйтіп ол үш жыл жарым жылға темір торға тоғытылған. Енді біреуі өз өмірін жайлап қалпына келтіріп, вахталық жұмысқа орналасты, жақында ғана дәрігерде болды, әзірге «таза».  Үшінші біреуін көктемде бағдарламадан шығаруға тура келген, өйткені, ол есірткіні ішімдікпен алмастырған көрінеді. Дәрігерлердің үгіт жұмыстары еш әсер етпеген, ол қызметкерлерге дөрекілік танытып, жанжал шығарған. Ал қалған бесеуі курсты жалғастыруда, олардың барлығымен келісімшарт жасалған. Шартта олар ешқандай белсенді заттарды қолданбауды, наркологиялық диспансерден тек метадонды ғана қабылдауды міндеттеріне алған. Ай сайын олар тексеруден өтіп, анализдер тапсырады. Кейін оларға тағы да ниет білдірген төрт адам қосылды, қазір бағадарламаға қатысушылар саны 9 адам болды. 

- Мұндағы  ер адамдардың бәрінің жасы 30-дан 50-жасқа дейінгі аралықта. Олардың әрқайсысының мойынында нашақорлықпен өткен жылдар мен сәтсіз аяқталған емделу шаралары бар. Қазіргі бағдарламаның негізгі мақсаты - жай ғана ауыстыру терапиясын өткізу емес, толық оңалтуға қол жеткізу. Және халықаралық ААТ қолдану тәжірибесі мұның мүмкін екендігін көрсетіп отыр, - дейді наркологиялық диспансердің  дәрігері Светлана ДОБРЫНИНА.   

Бағдарлама қатысушылары күн сайын таңертең диспансерге келіп, метадон шырынының  өздеріне тиесілі мөлшерін алады. Кейде бала-шағасымен келіп жатады. Бағдарлама барысында олар күн сайын өздерінің жағдайлары туралы арнайы журналға жазып, психологтармен әңгімелеседі. Бірнеше ай өткеннен кейін олардың психологтармен әңгімесі аптасына 2-3 рет болатын кездесулермен шектеледі. Олардың үйлеріне әлеуметтік қызметкерлер барып тұрады. Ұдайы айтылып жүретін пікірлерге қарамастан, менің әңгімесушілерімнің бет-әлпеттерінен олардың есірткіні ұзақ уақыт қолданғаны байқалмайды да. Денсаулығына, жүйкесіне, әдеттеріне бәлкім әсері болған болар, бірақ, бір қарағанда олардың жылдар бойы, тіпті, он жыл бойына есірткі қабылдаған адам екендігін айыра да алмайсың. Әдеттегідей дені сау ер азаматтар,  жақтары солып,  көздері шүңірейген, бүкірейген ештеңелері де жоқ. - Біз қазір ғана осындаймыз, сіз бізді бағадарлама басында көрген жоқсыз ғой, -  деп күледі Әсет (есімдерінің барлығы өзгертілген  – З. И.).


ӘСЕТ

Жасы 35-те, есірткіге 13 жасынан тәуелді болған. Ауладағы компанияның ересектері кішкентайларға «ханка» ұсынып, сый көрсетіп отырған. Аңғал жасөспірімдер өздерін үлкендер компаниясына неліктен тартты деп ойланып та көрмеген, олар үшін үлкендермен тең түсу бір жағынан қызық та мақтаныш болған.

- Олар сіздерді ақша табудың көзі ретінде қолданған ғой, өйткені кәмелетке толмағандар ұсталған жағдайда түрмеге түсу қаупі жоқ болатын?

- Иә, біз оның шын көңілмен жасалмаған қайырымдылық екенін кейін түсіне бастадық қой. Шеккен кезде ештеңе ойламайсың, басыңда тек бір ғана – ақшаны қалай тауып, тез салсам екен деген ой болады. Қайдан алдық? – деп жымияды Әсет. – Қазір бос тоңазытқышты көргенде, тамаққа  ақшаны қайдан аларыңды білмейсің, жақында ғана қызыма ертеңгілікке киетін белдемше керек болып қалды, қайдан табарымды білмей бас қатырдым. Ал есірткі үшін қайдан болса да, жер астынан болсын табатын едім. Тіпті дым таппаған кезде трамадолмен лаждап жүрдім.

Есірткіге ақша табу жолында бастан кешкендерін еске алуды олар ұната қоймайды. Иә, онымен мақтануға болмайтыны түсінікті. Психолог есірткіге тәуелділердің  адамдар психологиясын жақсы білетіндігін, олардың адамдардан ақша алу үшін кез-келген айлаға баратындығын айтты.

Екі мыңыншы жылдары Атырауда героин кеңінен тарап, ақша барған сайын көп талап етіле  бастады. Ақыры мұның арты Әсеттің түрмеге түсуімен аяқталды. Бір қызығы оның темір торға түсуі оған пайдасын тигізді. Оның айналасында болғандардың көпшілігі сол уақыт ішінде өлді, ал ол бәрін де қойды. Бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасты, үйленді, балалы болды. Оны есептен шығарды, жүргізуші куәлігін де алды. Тек бақытты өмір сүру ғана тосып тұрды. Бірақ, бір күні ол сыр берді. Өзінің туған күнінде бұрынғы ескі компаниясының ортасынан қалай табылғанын өзі де түсінбей қалды, солардың бірі көкнәр ұсынды да бәрі қайтадан басталды... Әсеттің өзі айтқандай, бірнеше жыл қасықтап жинаған абыройын екі жылдың үшінде шелектеп төккендей болды. Қазір бағдарламаның арқасында отбасына көңіл бөле бастады, балаларды мектепке,  балабақшаға апарады, олармен серуендейді.  Бұрынғы ескі достармен арасында кездесіп те қалады, қала өзі кішкентай ғой, мүлдем араласпауға тырысады, телефон номерін де ауыстырды. 

- Бұл жерде бірнеше рет емделдім, бәрі текке кетті, Атырауды қойып, Ресейге де біршама қаржы жұмсап емделуге бардым, бәрібір ештеңе шықпады. Метадоннан кейін ештеңеге әуестік жоқ. Қазір бар уақытымды отбасыммен, балаларыммен бірге өткізіп жатырмын, көп жылдарымды жоғалттым, балалардың да ержеткенін байқамай да қалдым. Енді жұмыс табылса деймін, барған жердің  бәрі анықтама сұрайды. Анықтамасыз  жұмысқа алатын таныстарым жоқ, - деп уайымдайды Әсет.


ЕРІК

Еріктің жасы да 35-те, бір көргенде оған тіпті жиырма да бере алмайсың. Аппақ, әжімсіз, бөртпесіз тегіс тері. Дөңгеленген көзі аңғалдықты аңғартқандай. Періште дерсің. Бірақ ол сөйлеп, қозғалғанда денсаулығының кінәраты көп екенін байқауға болады. Әрине, мұндай күйге оны жақсы тәртібі жеткізді деп айта алмайсың. Ол есірткіні тұтынуды колледжде оқып жүргенде бастаған. Басында героин болған. Кедей студентке ондай қымбатқа түсетін «рахат» үшін ақша қайдан келсін?  Содан қолда не бар соның бәрінен наша қайнатып, қабылдауды бастаған. Ерік секілділерді дәрігерлер жасанды нашақорлар деп атайды. Жасанды нашақорлықты «әдеттегі» нашақорлықтың салдарымен салыстырған мамандар  оның адам ағзасына (ми және барлық ішкі ағзалар толықтай улануға) барынша көп зиян келтіретінін және тез моралдық тозуға  ұшырайтынын айтып отыр. Еріктің өзі жақында ғана тек балдақтың көмегімен ғана қозғалып жүрді, ал одан жауап алу үшін сұрағыңды бірнеше рет қайталап қоюға тура келеді. Ол «ойланып» қалады және жауап берер алдында алақанымен тізесін жаймен ғана жүргізіп өтеді.

- Ақшаны қалай таптың? Ұрлық жасадың ба?

Шынында да  сенің сөзіңді түсінуде тежелуі бар ақсақ үшін кәсіп табу оңай емес, содан да болар Ерік өз сырқатынан құтылуға көптен бері тырысып жүр. Ол наркологиялық диспансердің тұрақты пациенті, емделгеніне 10 жылдан асты: қысылғанда осында жүгіреді, тазарады, ал кейін тағы да азап басталады. Қазір ол метадон қабылдауда, оның өзі дәрігерлерден бірте-бірте дозасын азайтып отыруды өтінді.

- Алдағы жоспарларың қандай?  – деп сұрадым одан. Ерік тағы да тізесін сипай бастады. Оның қалай болатынын кім біледі. Денсаулықты толығымен қайтара алмайсың, дегенмен, соңғы уақытта ол балдақсыз жүруге үйренді. Ақсаңдайды, дегенмен өзі демеусіз жүріп жүр. Өзі сезініп көрмеген жақсы өмірді бастауға әлі де кеш емес.  Оқу, достар, қыздар – мұның бәрі тасада қалды немесе ол есірткіге елітіп, соның бәрінен тыс қалды.


НҰРЖАН

Мұқият, қырағы көзқарас, сөзге сараң. Нұржан бағдарламадағы ең аз сөйлейтін қатысушы. Ол өткені туралы айтқанды қаламайды. Есірткінің тұтқынында болған алты жылы туралы «тағдырым солай болды» деген бір ауыз сөзбен қайтарады. Менің ойымша, ондағы қырағылық  оның бүкіл өн-бойында сақталып қалғандай, әзірге ол өз-өзіне сенімсіз. Әсіресе, оның әрекеті метадон қабылдау кестесіндегі өзгеріске келгенде дәлелденгендей: жұмысқа орналасу туралы әңгіме қозғалған кезде, психолог дәріні кешке қабылдау керектігін ескертсе, Нұржан «күні бойы алаңдамау үшін» таңертең қабылдауға көндіреді. Оған бүгінгі күнгі жағдайы туралы айтқан ұнайды:  

- Метадонның арқасында ештеңеге әуестік жоқ, отбасыңның қасында болғың келеді. Үйдегілердің бәрі бұған қуанышты. Тәбетім ашылды, өмірге деген қызығушылығым пайда болды. Ұйқыға қатысты да шағымым жоқ, қалай жатам, солай ұйықтап кетем. Вахталық жұмысқа шыққым келеді, қаладан да кеткім келмейді, оның үстіне күнде таңертең дәрі қабылдау да керек.


БЕКЗАТ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Бағдарламадан шығып қалған Бекзатпен мен бағдарлама басталған кезде осыдан бір жарым жыл бұрын кездестім. Сол кезде ол олардың ішіндегі ең үлкені болды және тұрақты еңбекақы алып жүрді. Дәнекерлеу жұмыстарымен айналысты. «Біздің ақсақал», - деп әзілдейтін сол кезде жігіттердің бірі. Бекзат отбасымен табысқанын, өзінің ересек баласының бар екенін айтқан болатын. Ал, енді ішкілікке салынып, өзіне көмектескісі келген адамдарға дөрекілік танытып, бағдарламадан шығып қалды. Оның ендігі өмірінің не болары бір құдайға және оның өзіне аян.

…Мамандар метадонға қатысты ортақ бір пікірге әлі күнге келер емес. Олардың бірі нашақорларды бір дәріден екіншісіне көшіру деп есептесе, басқа дәрігерлер түрлі есірткіден залалы аз деп сендіреді.  Ал осы пәлеге душар болған, отбасын қара түнек шалып, баласы, не ағасы, не күйеуі үйден не алып кетеді, ауырғаннан құтылам деп ел кезіп ақша іздеген немесе жуынатын бөлмеге кіріп алып, есірткінің тұтқынына айналған адамдар мен олардың отбасы үшін – метадон тыныштық сыйлайды. Олар өздеріне жақын адамдарының  ессіз көздері мен олардың – соңғы рет деп айтатын кезекті өтірігін естуден, ал күйеуінің балалардың көзінше газ плитасына қасыққа дәрісін қайнатқанын, баланың анасының зейнетақысын тағы да ұрлап алатынынан шаршады. Бұл тыныштық ұзаққа созыла ма, оны олар айта алмайды. Бастысы, қазір олардың ең жақын адамдары жандарында. Дені сау,  дұрыс адам.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

20 маусым 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.