Дружба көшесіндегі №8 үйдің тұрғындары әлеуметтік желілерде пәтерін қоқыс төгетін орынға айналдырған көршісіне шағымданды. Бейнежазбада терезе алдында ірі егеуқұйрықтардың жүгіріп жүргенін көреміз. Келесі күні бұл жерге қалалық әкімдік пен «Арнаулы автобаза» қызметкерлері барған.
Көршілердің айтуынша, 60 жастағы ақылы ауысқан әйел пәтеріне 20 жыл бойы қоқыс жинаған. Екі жыл бұрын үй тұрғындары пәтерлерінен жиһаздары мен басқа да тұрмыстық заттарын бүлдіріп тастайтын егеуқұйрықтарды байқай бастаған. Кеміргіштердің ордасы осы жалғызбасты әйелдің үйі болып шықты.
- Екі бөлмелі пәтер жақын маңдағы қоқыс төгетін жерлерден тасып әкелген қоқысқа толы. Көп жылдар бойы бұл қалдықтар шіріп, сасық иіс жайлай бастады. Пәтерлерімізде балалардың үрейін ұшырып, егеуқұйрықтар жүгіріп жүр. Біз «Атырау облысының әкімдігі» Tеlegram чат-каналына шағымдандық. Содан соң қалалық билік дереу әрекет етті, - дейді үй тұрғыны Александр ПАК.
Арнайы құрылған комиссия сол жерде мәселені шешумен айналысты.
- Пәтер иесі - 1959 жылы туған әйел Н.-ның жеке бас куәлігі жоқ, оның тек кеңестік үлгідегі паспорты бар екені анықталды. Бүгінге дейін жасына байланысты зейнетақы алмаған. Жергілікті полиция қызметкерлері әйелді қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырды. Ол жерде мамандар оған медициналық және психологиялық көмек көрсетеді, қажетті құжаттарды қалпына келтіріп, зейнетақы рәсімдеумен айналысады, - деді қалалық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бастығы Нұрлы ХАБИЕВА.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің он қызметкері әйелдің пәтерін екі күн бойы тазалап, 30 тоннадан астам қоқыс шығарған! Ол үшін үш КамАЗ жүк көлігін пайдалануға тура келген. Баспанадағы егеуқұйрықтарды жоюмен қалалық ТКШ бөлімінің мамандары айналысады.
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ
Суретті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынды