Атырау, 25 қараша 08:41
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тік пандус және шаң басқан көтергіштер

Сурет Бейнежазба
5 665 просмотра


Жақында мүмкіндіктері шектеулі жандар тобы Атырау ғимараттарында пандустардың талаптарға қаншалықты сай екенін өздері тексеріп көру үшін жиналды. Олар алдын ала драма театрдың алдында кездесуге келіскен. «Арбадағы жандар» осы жерде кездейсоқ шенеуніктермен кездесіп, өз реніштерін білдірді.

ТЕАТР ІЛГІШТЕН ҒАНА БАСТАЛМАЙДЫ

Белгіленген жерге барған кезде арбадағы жандар Гүлназ ҚОСМҰРЗИЕВА, Есболат БАЛБАЕВ пен Ильяс ҮСЕНОВ  мұнайлы астананың ең үлкен мәдени ғимаратында пандустардың қалайша жоқ екенін талқылап жатыр екен. Оларға арбаны жоғарыға көтеретін қол арбаға ұқсас әлдебір агрегатты әкеліп берді. Бірақ театр қызметкерлерінің ешқайсысы оны іске қоса алмады. Өйткені олар оны ешқашан пайдаланбаған екен. Есболат осы нәрсенің көмегімен көтерілуге тырысты, бірақ оның арбасын көтергішке бекіте алмады. Сондықтан да тәуекел етпеді.

- Мен бірде осында Қайрат Нұртастың концертіне келген едім, бірақ залға кіре алмадым. Өйткені баспалдаққа көтеріле алмадым, - дейді Есболат.

- Егер мұны пайдалана алмасаңыз, неге сатып алдыңыздар, - деп қынжылыс білдірді Гүлназ.



Осы сәтте театр ғимаратында мектеп түлектеріне салтанатты түрде аттестаттар табыс етіліп жатқан еді. Облыс әкімінің орынбасары Серік ШАПКЕНОВ жиналғандарды көріп, оларға жақындады.

- Драма театрды жөндеуге 800 миллион теңге бөлінді, бірақ неліктен екені белгісіз, пандус жасауды ұмытқан. Ал осы көтергішті сатып алуға да ақша бөлінді ғой, бірақ оны ешкім пайдалана алмайды. Біз күннің көзінде отырмыз, ішке кіре алмаймыз. Неге мен осында отырып, көмек күтуім керек? Сіз баспалдақпен көтерілесіз ғой, сізге көмек керек емес. Мен де сіз сияқты адаммын, - деді Гүлназ облыс әкімі орынбасарына эмоциямен.

- Иә, сіздің айтуыңыз дұрыс, - деп абыржып қалды ол.



Осы жерге келген театр директоры Берік ЖӘМЕНОВТІҢ айтуынша, театрдың жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған, құрылыс басқармасы бұл мәселеден хабардар екен.

- Бізде пандуссыз немесе талаптарға сай емес пандустары бар ғимараттар тізімін жасайтын комиссия бар. Мұның бәрі біртіндеп ретке келтіріледі. Міне, бүгін сіздермен кездесіп, драма театрда пандус жоқ екенін білдім. Бұл мәселені жеке бақылауыма аламын және қысқа мерзімде шешімін табамыз. Егер техникалық мүмкіндік болса, мұндай алып жабдықты сатып алғанша, пандустар жасаған жақсы, - деді Шапкенов.

«Халықтық бақылау» ҚБ өкілі Асан ЕСБОСЫНОВ драма театрда арбамен жүру қолайсыз екенін, әр жерде жиектастар, баспалдақтар бар екенін атап өтті.

- Мұндай проблема бүкіл қалада бар, осы мәселелердің бәрін қарастырамыз, - деп сендірді Шапкенов. – Біздің мақсатымыз – қоғамдық орындарды сіздер үшін қолайлы ету. Бірақ бәрін бірден жасау мүмкін емес. Сондықтан кезеңмен жүзеге асырамыз.


ЕРІКСІЗ ДИЕТА

Шапкеновпен кейін тағы да кездесуге келіскен арбадағылар әрі қарай қозғалды. Жаяу жүргіншілер өткеліне жету үшін оларға көлік жолымен жүруге тура келді, ал бұл өте қауіпті.



Театрға жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне тоқтадық. Баспалдақ бар, бірақ пандус тек атағы бар екен. Жанына жоғарыға қарай тарылатын ені 50 см цемент жолағын құя салған.  

Келесі нысан дәріхана болды: тіктеу болса да, пандусы бар, алайда бірден қабырғаға тіреледі – айнала алмайсың. Дәріханадан әйел адам шығып, белсенділерге бұл мәселені иесі білетінін және көп ұзамай қалыпты пандус жасайтындарын айтты.

Абай көшесінің бойынан қуанатын себеп таппадық: дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, дәмханалардың, кондитерлік дүкендердің не пандустары жоқ, не тым тік, таянышы жоқ.  

- Бізге кондитерлік дүкенге кіруге болмайды, диетадамыз, - деп әжуалай сөйледі Гүлназ.

Әрі қарай «Қазпошта» ғимаратын тексеруді ұйғардық. Гүлназдың айтуынша, ол жерге мүгедектерге арналған көтергіш баяғыда орнатылған. Ол бар болғанмен, биік баспалдақтың ар жағында тұр. Күзетші біраз уақыт есіктің кілтін таба алмады, тапқан соң есікті ашты. Бірақ онысынан ештеңе шықпады. «Қазпошта» қызметкерлері әбігерге түсіп, осы үшін жауап беретін адамдарға қоңырау шала бастады. Олар келе жатырмыз, бәрін жасаймыз деді.

- Бұдан не пайда? Міне, мен келдім, ал сіздер бұл көтергіштің қалай жұмыс жасайтынын да білмейсіздер. Шаң басып, ішін өрмекші торлап тастаған, - деді Есболат. Біраз уақыттан кейін ұзартқыш әкеліп, көтергішті электр көзіне қосты. Бірақ ол іске қосылмады.



Рейд барысындағы осы және басқа да жайттардан соң мүгедектерге арналған құрылғылар қаламызда пайдалану үшін емес, бар деп белгілеу үшін ғана жасалады-ау деген әсерде қалдық. Қолданыстағы сәулет-құрылыс нормалары бойынша пандустар немесе көтергіштер болуы тиіс, міне, бізде ол бар дегендей. Ал мұның іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне ешкім бас ауыртпайды.



Мұң басқан арбадағы ғаріп жандар инватакси күтіп қалды. Олар қала ішінде ұзақ қашықтықта осылай ғана қозғала алады. Өйткені автобустардың, соның ішінде, жаңаларының мүгедектер арбасына арналған құрылғысы жоқ. Міне, тағы бір мәселе.



Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

18 маусым 2019, 20:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.