Атырау, 24 қараша 19:37
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда ҰБТ 20 маусымда басталады

2 423 просмотра


Атырау облысының мектеп түлектері  ҰБТ-ны 20-26 маусым аралығында тапсырады.  Бұл туралы «АЖ»-ға білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Жансұлу ТӨРЕМҰРАТОВА хабарлады. Биыл мектепті 5225 түлек аяқтап отыр. Мектепті бітіру емтихандарының қорытындысы бойынша олардың 192-сі  «Алтын белгіге», 167-сі ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. Бұл мәртебе түлектерге ешқандай жеңілдіктер бермейді, тек «Алтын белгі» алған түлектерге тең балл алған жағдайда ЖОО қабылданғанда бір ғана артықшылық беріледі.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 4124 түлек (78,9%) ниет білдірген. Бұл - көктемде шетелдік ЖОО-ларға түсіп қойған түлектер санын қосқанда жақсы көрсеткіш. Түлектердің енді ҰБТ-ны жылына төрт рет: қаңтарда, наурыз, тамызда – ақылы түрде, ал маусымда  тегін тапсыратыны белгілі. Қаңтар, наурыз, тамызда тест сұрақтарынан ойдағыдай  өткен түлектер ЖОО-ға тек ақылы түрде түсе алады, ал мемлекеттік білім грантын алу үшін ҰБТ маусымда тапсыруы тиіс.

Биыл тест ережелеріне қатысты өзгерістер болған жоқ. Бәрі сол бұрынғыша қалды: талапкерлер 120 сұраққа жауап беруі керек, тестілеудің жалпы  уақыты 3 сағат 50 минут (230 минут). Ең жоғары балл – 140, өту баллы – 50. «Педагогикалық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы  және биоресурстар», «Ветеринария» бағыттары бойынша қазақстандық ЖОО түсу үшін 60 баллдан төмен жинамауы керек, ал қалған басқа мамандықтар бойынша балл – 65-тен төмен болмауы тиіс.

Біздің талапкерлер білім сынағын 8 тестілеу орталығында тапсырады, олардың жетеуі аудандарда орналасқан, біреуі облыс орталығында – АМУ ғимаратында.

- Мен жаңа ғана ҚР білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ қатысуымен өткен селекторлық мәжілістен шықтым. Ол ҰБТ қорытындысы мектептердің рейтингісіне әсер етпеуі тиіс деп айрықша атап өтті. Тестілеу бұл талапкерлердің тегін білім грантын алуы үшін талпынысы, - деді Ж.Төремұратова. 

ҰБТ-ның бірініші күні - 20 маусымда Индер, Исатай, Қызылқоға, Махамбет пен Мақат  аудандары және Атырауда «облыстық» мәртебесі бар мектептер тапсырады. Барлығы 1608 бала.

Әдетте, ҰБТ-ны  тапсыру кезегі бірінші күнге түскен мектептер бұған аса қуана қоймайды. Бастапқыда кейінгі күндерге қарағанда бақылау күшті болады деп есептейді.

- Керісінше, бірінші күні қабылдау комиссиясының мүшелері балалардағы қобалжуға түсіністік танытады. Ал кейінгі күндері тестілеудегі түрлі заң бұзушылықтар  туралы ақпараттар тарайды да комииссия орталықтарда ондайға жол бермеу үшін барынша қатал және ыждағатты болуға тырысады, - дейді бұған дейін болашақ студенттерді іріктеуге қатысқан Ж.Төремұратова.

Ал, енді тестілеу орталығына кіру алдындағы өткізу жүйесіне келер болсақ, балалар «күйзеліске соқтыратын және психологиялық қысым жасалмайтындай мұқият, бірақ барынша дұрыс» тексерілетін болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА   

18 маусым 2019, 11:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.