Атырауда гүл егіп жатыр. Биыл мұнайлы астананы көгалдандырумен «Каспийдормостострой» ЖШС айналысады. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында жүзеге асуда. Осы жылы өткен жылға қарағанда ертерек бастады – былтырғы сәтсіз тәжірибеден сабақ алған болулары керек.
«Каспийдормостострой» өсімдіктерді егу, күтіп-баптау, қолданыстағы суару құбырын жөндеу, сондай-ақ жалпы ұзындығы 147 шақырым жаңа су құбырын салумен айналысады. Серіктестікпен келісімшарт бес жылға жасалған.
Биыл мердігер 12 мың шаршы метрге жуық жерге гүл егіп, 3 мың ағашты кеседі. Жазға кезеңде көгалдандырушылар ағаштарды санитарлық және қалыпқа келтіру үшін кесу, қурап деп тұрған ескі талдарды құлату жұмыстарын істейді, ал вегетациялық кезеңнен соң - күзде жасарту үшін кесіліп, 3 мың көшет отырғызылады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының ақпараты бойынша, МЖӘ аясында «Каспийдормостострой» бес жыл ішінде көгалдандыру жұмыстарына жалпы сомасы 4,6 млрд теңге жұмсайды.
- Біз жұмыстарымызды сәуірдің ортасында бастадық, бүгінде саябақтар, алаңдар мен гүлзарларда біржылдық гүлдерді ектік. Белгіленген кесте бойынша суарып жатырмыз. Сондай-ақ, екі айда 39 қала көшесін реттедік, 16 алаң мен саябақта талдарды әктеп, қураған бұталарын кестік,- дейді «Каспийдормостострой» ЖШС Леонид ЗАДЕРНЫЙ.
Сонымен қатар, компания қазір мұнайлы астананың өзекті мәселесі – суару жүйесін реттеумен айналысып жатыр.
- Қазір суару жүйесін қалпына келтірумен айналысып жатырмыз. Мысалы, әуежай трассасындағы тамшылатып суару жүйесі 80%-ға қалпына келтірілді. Бұрынғы ескі сорғылардың сегізін кері жөндедік, тағы қосымша 7 сорғы орнату керек. Қаладағы барлық суару жүйесіне тиімді қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі деректеріне сәйкес, қазір Атырауда 30 шақырымдай ескі су құбыры бар, бұларға ұзақ жылдар бойы тиісінше қызмет көрсетілмеген. Жыл соңына дейін МЖӘ аясында 147 км суару құбырының құрылысы аяқталады.
«Каспийдормостострой» ЖШС-тің түрлі ағаштар, біржылдық және көпжылдық гүлдер өсіретін тәлімбағы бар. Тәлімбақ қоры өте үлкен, бүгінде мұнда 7 мыңнан аса бесжылдық, 7 мың үшжылдық және 10 мыңнан астам екі жыл бұрын отырғызылған талдар бар.
Алдағы бес жылда «Каспийдормостострой» ЖШС Атырауда 25 мың тал өсірмек, ал бұлардың екі мыңы - жеміс ағашы.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор