Еуропа одағына мүше 20 елдің сыртқы істер министрлері Қара теңіз аймағындағы қауіпсіздік ахуалына тағы да алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Еуропа одағы кеңесі 17 маусымдағы мәлімдеме таратты.
Бұған қоса құжатта Ресейдің Қырым түбегін аннексиялап алуын Еуропа одағының мойындамағаны да айтылған.
"Кеңес Қара теңіз аймағындағы қауіпсіздік мәселесіне бұрынғысынша алаңдап отыр. Осы орайда ол [Кеңес] халықаралық құқықты, соның ішінде тәуелсіздік, егемендік пен аумақ тұтастығы принциптерін, теңіз құқығы Конвенциясын, соның ішінде кемелер еркіндігін, сонымен бірге Еуропа одағының саяси шешімдерін құрметтейтінін тағы растайды және Еуропа одағы Қырымды заңсыз аннексиялауды мойындамау саясатын Қара теңіз аймағындағы әріптестік мәселесінде негізгі ұстаным етіп алады" делінген мәлімдемеде.
10-14 маусым күндері Гаагада 1982 жылы қабылданған БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі Конвенциясы негізінде 2016 жылы Ресейге қарсы Украина бастамасы бойынша басталған мемлекетаралық арбитраж тыңдауы өтті. Украина Ресейді Қара және Азов теңіздерінде табиғи ресурстарды игеру, Керчь бұғазында кемелерінің жүзуін реттеу, теңіз табиғаты мен Қырым төңірегінде теңіз астындағы мәдени мұраны қорғау құқығын бұзып отыр деп айыптайды.
Ресей болса Қырымның құрлықтағы аумағы қай мемлекеттің иелігіне жататынын анықтай алмағандықтан арбитраж сотының Украинаның талабы бойынша тыңдау өткізіп, шешім шығаруға құзіреті жоқ деп санайды. Бұға қоса Ресей мемлекетаралық арбитраж сотының Азов теңізі мен Керчь бұғазындағы жұмыстар туралы талап қоюға да заңды құзіреті жоқ деп біледі.
Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алып, сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған. Содан бері қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Киев пен Батыс елдері Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде Украинаның шығысындағы қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, құжат шарттары әлі күнге толық орындалмай келеді.
Дереккөз: Азаттық радиосы