Қырғызстанның еңбек және әлеуметтік даму министрлігі "Әлеуметтік келісім шарт негізінде жағдайы төмен және аз қамтылған отбасыларына бір реттік әлеуметтік көмек беру" туралы үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқыға ұсынды.
Жобада жағдайы төмен отбасыларына бір рет 100 мың сом (1400 долларға жуық) қаржы бөлу қарастырылған.
Қырғызстан үкіметі сайтындағы ақпаратқа қарағанда, бұл шара аз қамтылған отбасыларын қиындыққа қарсы тұруға және белсенді еңбекке ынталандыруға бағытталған.
Үкімет әлеуметтік көмекті 2019 жылдың 1 тамызынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды әлеуметтік келісім шарт негізінде беруді ұсынып отыр. Бұл мақсатқа жыл сайын бюджеттен 300 миллион сом (4,3 миллион долларға жуық) бөлу көзделген.
Қырғызстан ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2018 жылы елде кедейлік деңгейінде өмір сүріп жатқан бір миллион 429 мың адам тіркелген, оның 68 пайызы – ауыл тұрғындары.
Дереккөз: Азаттық радиосы