Екі бірдей мұнай танкерінде жарылыс болған күні АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бірден Иранды айыптады. Помпео үшін Американың әскери агенттігі жариялаған мына бір бейнекөрініс бұлтартпас айғақ.
Ресми мәлімдемеде таңғы сағат 4-те Иранның революциялық гвардиясы Kokuka Courageous танкерінен астыртын түрде жарылмаған минаны шығарып жатқаны жайлы айтылған. Осы айғаққа сүйенген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Иранға кінә тақты.
Майк Помпео АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы:
- Сараптаманы барлау агенттігі шабуылда қолданылған қару-жарақ және осындай операцияларды жүргізу тәжірибелерін зерделеу арқылы жасаған. Айта кетерлігі, кемелерге жасалатын мұндай шабуылдар Иранға тән. Оған қоса, Оман шығанағындағы осы тектес әрекеттер тек бір ғана топтың қолынан келеді.
Иран тарапы да қарап қалған жоқ. Елдің сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф твиттердегі парақшасында АҚШ-тың айыптауын негізсіз деп жазды.
Мухаммад Джавад Зариф, Иранның сыртқы істер министрі:
- Тікелей немесе жанама дәлелсіз АҚШ-тың бірден Иранды айыптап шыға келуі оның өзге жоспары барын айғақтайды. Яғни дипломатиялық қатынасқа, оның ішінде Синдзо Абэмен жасалған келісімдерге кедергі жасауды көздеп отыр. Сондай-ақ Иранға қарсы экономикалық терроризмді бүркемелеу амалы.
Құрама Штаттар жариялаған бейнекөріністі әскери сарапшылар бірден талдауға кірісті. Ресейлік әскери шолушы Владислав Шурыгин бейнедәлелдің сенімсіздігін алға тартады.
Владислав Шурыгин, әскери шолушы:
- Иран кемелерді құтқаруға қатысты тиісті шараларды атқарды. Бір танкердің экипажы Иранға жеткізілген. Оларды жағаға шығарған ирандық шекарашылар болатын. Сондықтан, шекарашылардың кемені минадан тазартып, нысанды барлауы заңды. Ал АҚШ-тың қандай дерекке сүйеніп осындай айып тағып отырғаны түсініксіз. Мына жазба сенімсіздік туғызады.
Айта кетерлігі, Оман шығанағында танкерлерге жасалған шабуылдан кейін мұнай қымбаттады. Соңғы ақпарға сай Лондон қор биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 3,07 процентке өсті. Нью-Йорк биржасында WTI мұнайы 3,25 процентке көтерілді.
Ал инвесторлар танкерлерге қайта шабуыл жасала ма деп алаңдап отыр. Жалпы Оман шығанағындағы оқиға Тайванның ішкі нарығына еш әсерін тигізбеуі тиіс. Еске сала кетсек, шабуыл жасалған Фронтлайн мұнай кемесі дәл осы елге қызмет көрсетеді. Тайван мемлекеттік мұнай өңдеуші компаниясының вице-президенті ішкі нарыққа мұнай жеткізуде мәселе туындамайтынын айтады.
Чиу Чиа-Шоу, Тайванның мемлекеттік мұнай өңдеуші компаниясының вице-президенті:
- Танкердің көлемі 75 мың метрикалық тонна, яғни 100 мың килолитр мұнай сияды. Бұл екі күндік жанармай мөлшерін құрайды. Алайда біздің корпорацияда 75 күндік қор сақталғандықтан мұндай шығын нарыққа ықпал ете алмайды.
Оман шығанағындағы оқиғаға қатысты Жапония да алаңдаушылық білдірді. Себебі осыдан бірер күн бұрын елдің премьер-министрі Синдзо Абэ тұңғыш рет Иранға тарихи сапар жасаған еді. Тегеранда өткен кездесуде Таяу Шығыстағы жағдай талқыланған болатын.
- Иран Президенті Хасан Роухани АҚШ таққан айыпқа қатысты қандай да бір мәлімдеме жасады ма?
Иран Президенті Бішкектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде осыған қатысты пікір білдіргені рас. Ол соңғы екі жылда АҚШ халықаралық келісімдердің барлығын бұзып, аймаққа қатер төндіріп отырғанын жеткізді. Танкерлерге қатысты оқиғадан кейін Оман шығанағындағы қауіпсіздік күшейтілмек. Яғни әрбір кемеге қосымша күзет қойылады. Өйткені, мұнайдың әлемдік экспортының 40 проценті Оман шығанағы арқылы өтеді.
Дереккөз: 24.kz