Екі жыл бұрын Жұмабаев (бұрынғы Ленин) атындағы №1 мектеп ғимараты апатты жағдайына байланысты жабылған еді. Осы жерден жаңа ғимарат салуға жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Алайда балаларымыз кең жаңа мектепте оқиды-ау деген ата-аналардың үміті ақталмаған секілді.
ЖАЛҒАМАНЫҢ МАШАҚАТЫ
Білмейтін адамға бұл мектепті табу оңай емес: ол өзен жағалауындағы биік бизнес-орталықтар мен компания кеңселерінің арасынан көрінбейді, көрші ғимараттар оның «еңсесін басып тастаған». Дәл қасында төрт қабатты бизнес-орталық пен Қазақстан халықаралық мектебі орналасқан. Егер мемлекеттік нормативтерге сәйкес, ғимарат пен жалпыға білім беретін мекемелердің жер телімдерінің шекараларынан бастап «қызыл сызыққа» дейінгі қашықтығы 25 метр болуы тиіс болса, олар құрылыс салуға рұқсатты қалай алған деген сұрақ еріксіз туындайды. Ал бұл жер 25 метрге жетпейді.
Жақында мектептің апатты ғимаратына асхананы жалғап салған. Бұл жалғама екі рет тұрғызылды: алғаш 2016 жылы қаңқасын тұрғызып, төбесін жапты. Бірақ кейін корпусты қиратып, кірпішін тасып әкетті. Көп ұзамай сол жерден жаңа ғимарат салды.
- Екі жылдан бері №1 мектептің оқушылары №18 мектепте оқуға мәжбүр. Ол жерге жету қиын, біз үшін ғимараттың артқы жағынан кіреберіс жасады, бұл да өте қолайсыз. Осы уақытқа дейін балаларға әдеттегіше екі ауысымда оқитын, жақсы, кең ғимарат салып береді деп үміттендік. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарынан жаңа мектептің бір ауысымда оқитын 160 балаға арналатынын білгенде, таң қалдық. Асхана салуға қомақты қаржы жұмсап, содан соң оны бұзудың қажеті қанша еді? Асханасы мен барлық қажетті нәрсесі бар типтік ғимарат салу үшін ақша бөлуге болмас па еді? Бізге кейін оқушылар саны нормативті мөлшерден аз деп, мектеп аумағын қысқарту үшін әдейі шағын ғимарат салайын деп отырған секілді, - деп күмәнданды оқушылардың бірінің анасы Гүлмира ЖҰМАБАЕВА.
Ата-аналардың алаңдаушылығын түсінуге болады. Олар осы жер үшін күресіп, ауыздары күйген. 2003 жылы жеке тұлға мектеп аумағынан 0,1340 гектар жерді алып қалған. Бес жыл өткеннен кейін иесі заңсыз алынған жер теліміне қонақ үй салғысы келіп, тіпті, одан да көп жерді тартып алуға тырысқан. Тек ата-аналардың белсенді әрекеті мен газетіміздегі жарияланымдардан кейін мектеп аумағы аман қалды. Дегенмен, оқушылар бұл жерді бәрібір пайдалана алмайды. Ол әлі күнге дейін қоршаулы күйде. Бұдан басқа, сол жер телімінде қазаншұңқыр қазылып, темір қадалар қағылған және жерді түгел қалың қамыс басқан. Ал аумақтың бір бөлігінде жалаңаш арматурасы бар бетон қазықтар сорайып тұр. Сот шешімінен кейін құрылыс салушылар учаскені бастапқы күйінде қайтаруға тырыспады. Бұл жерде сапты жиындар мен спорттық іс-шараларды өткізу мүмкін емес. Ата-аналар өзеннің жағалауындағы осы жер телімін иемдену әрекеттері әлі де жалғасып жатқанына, ал жаңа ғимарат салынып жатқан «қарбалас кезде» бұл жоспарлар іске асырылуы мүмкін екеніне сенімді.
- Әрине, біз өз тарапымыздан осы ауданда балалар көп болғандықтан үлкендеу ғимарат алғымыз келетінін білдірдік. №1 мектеп жабылғанға дейін онда 399 бала оқыды. Бірақ қалалық құрылыс бөлімі жер нормативтеріне сүйеніп, бір ауысымға 160 бала баратын мектеп салуды ұйғарды, - дейді Жұмабаева.
Ата-аналар №1 мектепте іс жүзінде балалар анағұрлым көп екенін, бір ауысымға 350 бала баратынын растап отыр. Осының салдарынан оларға тіпті үш ауысыммен оқуға тура келген. Шу көтермеу немесе шенеуніктер айтатындай, «әлеуметтік шиеленісті тудырмау» үшін бұл мәліметтер жарияланбай отыр.
- Мектепті апатты деп танымас бұрын балалар үш ауысымда оқыды. Мен баламды мектепке күндізгі сағат 3-те апарып, 7-де алып кететінмін, - дейді Жұмабаева.
ЕСЕП ПЕН АҚИҚАТ
- Жаңа мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы сараптамаға жіберілді. Біз егжей-тегжейін, мерзімдері мен сомасын жоба мақұлданғаннан кейін ғана жариялай аламыз, - дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айбек ЖАЛЕЛОВ. Оның айтуынша, апатты мектептің орнына үлкен ғимарат салуға аумақ мүмкіндік бермейді. Оның оқушылар санына ара қатынасы нормативтерге сай келмейді.
Ол көп зардап шеккен құрылыстың хикаясын да әңгімелеп берді. Асхана салынғаннан кейін іргетаста ақау бар екені анықталған. Соған байланысты ғимаратты бұзып тастап, іргетасын нығайтқан соң, қайта салыпты. Күреледі деп жоспарланған ғимаратқа асхананы жалғап салудың қажеті қанша еді деген сұрақ жауапсыз қалды. Айбек Жалелов негізгі ғимараттың күрелуі жалғамаға еш әсер етпейді деп сендірді.
- ЖСҚ әзірлеген кезде ең алдымен қалалық құрылыс бөлімі берген тапсырысты басшылыққа алдық. Сонымен қатар, 25-тен 300-ге дейін оқушы болса, әр балаға 43 шаршы метр аумақтан келуі тиіс деген есепке сүйендік. 160 оқушыға 6880 шаршы метр қажет, ал 320-350 балаға 10880-11900 шаршы болу керек. Телім ғимаратты «қондыру» үшін өте қолайсыз, дұрыс пішінде емес (асхана жалғамасы жобалаушылардың міндетін одан әрі қиындатып жіберген болар – З.И.), - деп түсіндірді «Синтез» ЖШС жобасының сәулетшісі Наурыз МЕЙІРБЕКОВ.
- Жоба әзірлеушілер басшылыққа алған құжаттың параграфында жалпыға білім беретін мектептің сыйымдылығы 25-тен 300 оқушыға дейін болғанда бір оқушыға 43 шаршы метр тиесілі, ал 300-ден 600-ге дейінгі сыйымдылықта – 34 шаршы, 600-ден 900-ге дейінгі сыйымдылықта – 23 шаршыдан келеді деп көрсетілген. Бұл цифрлар ұсыныс сипатында. Қазір қала маңында жер телімдері мен мектептер жетіспей жатқан кезде мектепті бір балаға 34 шаршы метр есебімен салуға болар еді. Сонда бір ауысымда 264 бала оқитын ғимарат бой көтеретін еді, - дейді бір кездері өзі де №1 мектепті бітірген, содан кейін балалары білім алған Қайша РЫСПАЕВА.
Қызық үшін Google-картадан 2017 жылы жаңа ғимараты пайдалануға берілген ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназия (СТГ) аумағын қараған едік. Оның алаңы 20 240 шаршы метр, бір ауысымда 624 оқушыға есептелген. Осылайша, 1 балаға 32 шаршы метрден келеді. Ал егер іс жүзінде 2017 жылы ол жерде бір ауысымда 1200 бала оқыған болса, бұл нормативтер ғылыми фантастика санатына жатады. Бұрын құрылыс нормалары мен ережелерінің ешқайсысына қарамастан мектептің дәл түбінен бірнеше ғимарат салынып, тіпті, жеке тұлғаға бөлінбейтін аумақтың бір бөлігі берілгеннен кейін, қалалық биліктің бүкіл нормативті сақтау жөніндегі қазіргі әрекеті заңсыздықпен күреспек болған ата-аналарды келеке еткендей болып көрінеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ