Атыраудағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназия (СТГ) осы оқу орнының тоқтатылған жұмыс лицензиясы жаңартылғаннан кейін ғана бірінші сынып оқушыларын қабылдай бастайды. Бұл туралы брифингте қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Аманбай ХУСЫНОВ хабарлады.
Оның айтуынша, мамырдың аяғында Атырау облысының білім беру саласын бақылау жөніндегі департаменті ата-аналардың бірінің шағымы бойынша гимназияға тексеру жүргізіп, «педагогтар мен директор орынбасарының өз міндеттерін орындау тұрғысында заң бұзғандарын» анықтады. Қандай заң бұзушылықтар екенін Хусынов нақтылап айтпады. Лицензия үш айға тоқтатылыпты. Журналистер мұндай жағдайда мектеп тек 1 қыркүйекте ғана жұмысын бастайды, ал бұл ата-аналарды балаларын бірінші сыныпқа орналастыру мүмкіндігінен айырады деп алаңдаушылық білдірді. Нұрсая мен жақын маңдағы ықшам аудандарда мектептің тапшы екені белгілі.
- Үш ай – заң бұзушылық жойылуы тиіс мерзім. Бірақ егер олар ертерек жойса, онда, тиісінше, гимназия қызметін жалғастыруға мүмкіндік алып, бірінші сынып оқушыларын қабылдайды», - деп жауап берді Хусынов.
«АЖ» сайтына осы жарияланым шыққаннан кейін Атырау әкімінің орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ 12 маусымда түстен кейін білім беру саласын бақылау департаменті басшысының бұйрығымен «заң бұзушылықтардың жойылуына байланысты» гимназия лицензиясы жаңартылғанын хабарлады. 13 маусымда құжаттарды қабылдау басталған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА