Тегеран Оман шығанағындағы екі танкерге жасалған шабуылды Иран жасады деген АҚШ айыбын жоққа шығарды. "Иран екі мұнай танкерімен болған жағдайға қатысты АҚШ-тың негізсіз айыптарын жоққа шығарады, шабуылды барынша сөгеді" деп жазды Иранның Біріккен Ұлттар ұйымындағы миссиясы.
13 маусымда Оман шығанағында екі кемеге шабуыл жасалған. Белгісіз біреулер әуелі мұнай тиелген Front Altair танкеріне шабуыл жасаған. Кеме Норвегияға тиесілі еді. Ослоның хабарлауынша, кемеде үш жарылыс болған. Бортта болған 23 адам түгел құтқарылған. Екінші бір танкер - Kokuka Courageous Панама туымен жүзіп бара жатқан. Оған екі рет шабуыл жасалған. Бортта болған 21 адам – Филиппин азаматтары. Бір адам жарақаттанған.
Вашингтон шабуылды Ираннан көретінін мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның сөзінше, Вашингтон барлау қызметінің қолданылған қару түрі жайлы ақпаратын негізге алып, осындай тоқтамға келген. Помпео АҚШ-тың Иранға экономикалық, дипломатиялық қысым жасамағын айтты. Ол Вашингтонның Ираннан "күш қолдану арқылы қорғануы мүмкін екенін" жоққа шығармады.
Мемлекеттік хатшы АҚШ-тың Оман шығанағындағы жағдайға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізуге шақырғанын хабарлады.
Бұл – Парсы шығанағында соңғы бір айда кемелерге жасалған екінші шабуыл.
11 мамырда екеуі – Сауд Арабиясына, қалған екеуі Норвегия мен БАӘ-ге тиесілі төрт танкерге Оман шығанағында шабуыл жасалған. Борт зақымданғанымен, жапа шеккендер туралы ақпарат тарамаған. Норвегиялық тергеушілер шабуыл жасауға тапсырыс берген ең басты күдікті ретінде Иранның ислам революция қорғаушылары корпусын атаған.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон "шабуыл кезінде Иранда әзірленген миналар қолданылғанына сенімдімін" деген.
Танкерлерге жасалған шабуылды әлі ешкім мойнына алған жоқ. Тегеран бұл іске қатысы жоғын айтады.
Дереккөз: Азаттық радиосы