Бұдан алты жыл бұрын Мақат ауданына қарасты Ескене ауылының тұрғындарын Атырау қаласына және басқа да аудандарға көшіргенде темір жолға қызмет көрсетіп отырған Ескене станциясы қозғалмаған еді. Сол жылдары ауыл ҚТЖ құзіретінен шығарылып, Бәйгетөбе ауылдық округіне қосылды. Осы кезден бастап елді мекен белгісіздік күйін кешуде. Ауыл болашақта көшіріледі деп ешқандай инфрақұрылым жаңартылмады, ауылдың күйі кетті.
Елді мекенде 100 қаралы үй болғанымен, 53 отбасы ғана тұрады. Қалғандары облыс, аудан орталықтарында жұмыс жасайтындықтан, сол жақта үй жалдап тұрып жатыр екен.
- «Атырау-Доссор» трассасынан 7 шақырым қашықта тұрамыз, екі ортаны байланыстырып тұрған грейдер жол. Ол да бұзылған, ойқы-шойқы. Қар еріген лайсаң күндері ауылға жете алмай жатамыз, - дейді тұрғын Жеңісбек ДАУЛЕНОВ. - Ауылда мектеп, балабақша, медпункт, дүкен жоқ. Көгілдір отын тартылмаған, интернет жоқ. Балалар 30 шақырымдағы Доссорға поезбен қатынап оқиды.
Ауылдағы 20-шақты адам теміржол саласында істеп жүр, қалғандары жұмыссыз. Ескене станциясына «Атырау-Ақтөбе», «Атырау-Ақтау» жолаушылар пойызы үш минут қана аялдайды. Бірақ билет сатылмағандықтан тұрғындар қалаға дейін әрқайсысы 5 мың теңгеден такси жалдауға мәжбүр. Қыстық отын да тапшы, ауылдағы қараусыз қалған ағашты кесуге тиым салынған. Көмір тек теміржолда жұмыс жасайтындарға беріледі, басқалары әр тоннасын 13 мың теңгеден қаладан тасып алып отыр.
- Бізге Қарабатан зауыты жақындау орналасқандықтан көбіне түнде газ шығарындыларын шығарады. Таңертең тұрғанымызда басымыз ауырып тұрады, сәйкестік пе, білмеймін, биыл бес адам обыр ауруынан қайтыс болды, - дейді тұрғын Серік ТҰРЛАНОВ. - Халықтың жағдайы ауыр. Сондықтан біздің екі талабымыз бар, ауылды қалаға көшірсін немесе инфрақұрылым тартып, мектеп, басқа да қажеттіліктерді салып берсін.
Мақат ауданы әкімі Жұмабай ҚАРАҒАЕВ:
-Біз осы ауылмен бірнеше рет басқосу жүргіздік. Тұрғындардың көпшілігі Атырауға көшіруді қалайды. Бірақ бұл қолымыздан келмейді. Рас Мақат пен Доссорға көшіруді ойластырғанбыз. Бірақ оған басым бөлігі қарсылық білдіруде. Олар Байшонас, Қошқар, Комсомол ауылдарын мысалға алады. Бірақ оларды мұнайшылар көшірді емес пе?
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор