"Қытайдағы аз ұлттар мәселесі - елдің ішкі ісі" деді Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қытай басшысы Си Цзиньпинмен Бішкекте өткен кездесу кезінде. Си Цзиньпин Қырғызстанға осымен екінші рет ресми сапарлап келіп тұр. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Жээнбеков "Қытай мен Қырғызстан қатынасы нығайғанын қаламайтын күштер барын" айтты.
Қатарында этникалық қырғыздар да бар, көбіне ислам дінін ұстанатын аз ұлт өкілдерінің Шыңжаңда арнаулы орындарда қамауда отырғаны туралы ақпарат 2017 жылдан бастап шыға бастады. Куәгерлер лагерьлерде азаматтарды ұстау жағдайы нашар екенін, кейбірі азапталғанын айтады. Құқық қорғаушылар "қайта тәрбиелеу лагерьлері этникалық азшылықтармен күрес үшін салынған" дейді.
Пекин қайта тәрбиелеу лагерьлері мен онда отырған адамдар санына қатысты ақпаратты терістеумен келеді. БҰҰ айтуынша, "лагерьлерде" миллионға жуық адам отыр.
2018 жылдың соңында Бішкекте Қытайда қамауда отырған қырғыздар, қазақтар мен ұйғырлар мәселесіне халықаралық қауымдастық назарын аударту үшін бірнеше акция өткен. 2019 жылы қаңтарда Бішкекте "Қытайға қарсы" деп аталған митингі кезінде бірнеше адам ұсталып, кейбірі айыппұлға кесілген. Қатысушылардың бірі қытай мигранттарына қарсы "ұлт араздығын қоздыру" күдігімен ұсталған.
Дереккөз: Азаттық радиосы