Атырау, 28 қараша 00:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Мәскеудегі митинг кезінде полиция 500-ден аса адам ұстады

1 984 просмотра


Ресейлік "Медуза" интернет басылымының тілшісі, "есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындаған" деген күдікпен қамалып, ісі тоқтаған соң босап шыққан Иван Голуновты қолдау және қылмыстық істі қолдан жасауға қарсы марш өтті. 

Билік рұқсат етпеген митингіге мыңдаған адам қатысты. Наразылар алдымен саябақта жиналып, Ресей ішкі істер министрінің бас басқармасы ғимаратына қарай бет алғанда олардың алдынан полиция мен Росгвардия жасағы шықты.

"ОВД-Инфо" басылымының хабарлауынша, полиция кем дегенде 513 адамды ұстап, бөлімшеге жеткізген. Кем дегенде жеті адамға митинг туралы заңнаманы бұзды деп хаттама толтырған. Белсенділер кінәлі деп танылса, 15 тәулікке қамалуы мүмкін.

Акцияны тарату кезінде полиция азаматтарды резеңке таяқпен ұрып, су шашқан. Денсаулық жағдайы нашарлаған үш белсендіге медициналық көмек көрсетілген. Марш қатысушыларының біріне "Иван Голунов" деп айқайлағаны үшін хаттама толтырған. Полиция сөзінше, бұл – үкіметке қарсы ұран.

Қолында тілші куәлігі болғанына қарамастан, Азаттық радиосының Орыс қызметінің, "МБХ медиа", "Новая газета", "Коммерсант", "Дождь", Reuters пен The Village журналистерін де полиция ұстап әкеткен. Біршама уақыттан соң БАҚ өкілдерінің біразы босап шықты. Бірақ Илья Азар, Елизавета Нестерова мен Евгений Берг бастаған бірнеше журналист кешке дейін бөлімшеде отырып, оларға марш ұйымдастырушылары ретінде хаттама толтырылған.

Сондай-ақ Коррупциямен күрес қорының негізін қалаушы оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен қор жобаларының менеджері Руслан Шаведдинов ұсталған. Навальныйдың үстінен митингілер туралы заңнаманы тағы бір рет бұзған үшін әкімшілік іс қозғалған. Кешке қарай саясаткер босап шықты. Сот Навальныйды кінәлі деп тапса, ол 30 тәулікке қамалуы мүмкін.

12 маусым күні түнге қарай Ресей ішкі істер министрі полиция бөлімшелерінде төрт адамның отырғанын, қалған ұсталғандар босатылғанын хабарлады.

Ресейлік зерттеуші журналист, "Медуза" интернет басылымының тілшісі Иван Голунов 2019 жылы 6 маусымда Мәскеу орталығында "есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындаған" деген күдікпен ұсталған. Бірақ 11 маусымда Ресей ішкі істер министрлігі Голуновқа қатысты істі тоқтатып, журналист кешке үйқамақтан босап шыққан. Министрліктің хабарлауынша, Голуновты ұстаған полицейлер қызметтен босатылған.

Журналист өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, есірткі сөмкесіне қасақана салынған деп санайды. Голуновтың әріптестері айыптауларды оның кәсіби қызметімен байланыстырған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 

13 маусым 2019, 08:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.