Патшалық Ресей боданы болған кер заманда да өздігінен білім алып, елді отырықшылық пен сауаттылыққа шақырған көңілі көркем, көкірегі ояу зиялылар аз болмады. Соның бірі жерлесіміз, ағартушы Әйіп қажы БЕКЕНҰЛЫ. Ол туралы не білеміз. Ой толғатып көрсек...
Әйіп 1838 жылы қазіргі Индер ауданы Өрлік ауылы аумағындағы «Жасыл шағыл» деген жерде ауқатты отбасында дүниеге келген. Өнер-білімге жастайынан құштар болып өседі. Оның үстіне орыс көпестері мен казактарының Жайық бойын жағалап, мекенге айналдыруы қыр баласының кейін олармен араласып, білімін толыстыра түседі. Ол кезде оқысам, ілім алсам деген ниетпен ауыл молдасынан кейін Қазан қаласына барып, білімін жетілдіруге ұмтылуы бірен-саран адамға ғана бұйыратын. Әйіп 14 жасында Жалпақтал медресесінде оқып, кейін Қазандағы жоғары діни білім беретін оқу орнында білімін жалғайды. 17 жасынан Толыбай, Тума жерінде старшын атанып, кейін правителдің көмекшісі болған Әйіп Меккеге қажылыққа үш рет барған. Сондай-ақ Мысыр, Парсы, Араб, Шам елдерінде болып, шығыс елдерінің мәдениетін, озық үлгілерін көріп, өз халқына үйретуге ұмтылады. Халық алдында беделі артып, абыройы асқақтайды. Сауатты Әйіп сол кездерде қажылыққа бірнеше адамды апарып, сол жердегі дін басыларынан мақтау алып отырған. Әйіп елге сыйлы, құрметті Шолтыр бидің баласы Мақаш правителмен, Батырбектің Бегалысымен аралас-құралас, сенімді серігі болған.
- 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қазақ елінде мұсылман дінінің дәуірлеп тұрған кезі болса керек, - деп жазады Ізім ҚҰСПАНОВ жазбасында. - Осы уақытта көптеген адам қажылыққа барып, жер-жерде мешіт сала бастайды. Әйіпке Меккеге барған сапарларында сол жердің дін басылары қажы болған адамдардың елінде мешіт салып, мұсылмандарды сауаттылыққа, имандылыққа тәрбиелеуді тапсырған.
1894 жылы Әйіп қажы Николай Екіншінің таққа отыру рәсіміне кіші жүзден баратын бес адамның ішінде болып, сыйлыққа не апаруды ойластырады. Мақаш правитель екеуі көрнекті алғыс хат даярлауға келіседі. Патша сыйлыққа риза болып, олардан бұйымтайын сұрайды. Сонда қажы мешіт салуға рұқсат сұрапты деседі. Сөйтіп Әйіп өзі тұрған жерінен, өз қаржысына мешіт салуды қолға алып, орыс шеберлеріне тақтай тасытып, 1903 жылдары салып бітіреді. «Көкмешіт» атауына ие болған бұл ғимараттың өзі бөлек архитектуралық әдемі әдіспен салынған, сәнді, әрі ерекше еді. Қабырғасы кірпіш, сырты мен іші тақтаймен қапталған, көк түспен сырланған, бірнеше күмбезді мұнарасымен айшықталған мешіт 400 кісіге лайықталып арналған болатын. Сыртқы пішіні көк болғасын мешіт атауы да солай аталып кетеді. Арапша ғана емес, орысша сауатты болған қажы газет, журнал алдыртып, алдағыны болжап отырған. «Көкмешітте» бастапқыда тек діни оқу оқылып, бірнеше бала тартылған. Келешектің тек діни оқумен шектеліп қалмайтынын түсінген ол жастарға білімді жетілдіру үшін орыс тілінің маманы Жұмағали Балтиевті ұзақ жыл мұғалімділікке жалдайды. Ел ішінде беделі асқан Әйіп қажы патша Романовтар династиясының 300 жылдығына екінші рет барады.
- Ашық қызылға сары зер салған киім киеді. «Қажеке, мұның не» дегендерге «сарайда шам жанғанда киімім ерекше көзге түсіп, патшамен тілдесіп қалудың мүмкіндігі артады» деп жауап береді. Расында патша оны төрге шақырыпты. Сонда мектеп ашуға мүмкіндік сұрайды,- дейді қажының ұрпағы, Хамзаның ұлы Ғабдысамат Әйіп. - 1913-1914 жылдары мешітті мектепке, медресе үйлерін жатақханаға айналдырып, алғашқы білім беретін мектеп дүниеге келеді. Жас балаларға сауат ашу, ересектерге 2 сатылы білім беретін класс ашады. Әдебиет, есеп, тарих, жаратылыстану, орыс тілдерін оқытуды жүргізіп, өз қаражаты есебінен мұғалімдер даярлау ісін қолға алады. «Көкмешіт» мектебінен алғаш білім алып, ұстаздық еткен алғашқы мұғалімдер тобы пайда болды. Мұғалімдер Қ.Абақанов, Ү.Бисалиев, М.Сирнов, Қ.Мырзағалиев, М.Көжеков, өз баласы Х.Бекеновтер ел аралап, баршаны оқуға шақырып, үгіт-насихат жүргізген.
Кейін көк мешітті бұзып, тақтайларын Кулагино (қазіргі Есбол ауылы) селосынан ашылған мектепке пайдаланады. Бүгінде көк мешіттің орны қалмаса да, халқын надандықтың қараңғы қапасынан алып шығуға ұмтылған ағартушының есімі ұрпақтарға жеткен.
Әйіп қажы 1931 жылы 93 жасында «Қашқын» деген жерде дүниеден озады. Бүгінде Индербор кентіндегі мешіт Әйіп қажының есімімен аталады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА