«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген қазақ халқы ежелден жылқы баптауға ерекше мән берген. Аттың жүйрігін тұрпатынан таныған Күренбай секілді сыншылар да тарихтан белгілі. Бұл өнер қазір де жоғала қойған жоқ. Біз осы ат сыны жөнінде Атырау облыстық ұлттық спорт түрлері клубының директоры Өнербек ЖАНБАЛАМЕН әңгімелескен едік.
- Баптау тәсілі әр аттың жынысына, жасына байланысты әр түрлі келеді. Әр аттың жеке баптау әдісі бар,- деп сөзін бастады Ө. Жанбала. – Ең алдымен баптар атыңды дұрыс таңдаған маңызды. Ат сынында алдымен жылқының бас сүйегіне үлкен мән береді. Басы кішілеу тартыңқы келгені, ерні салпы, танауы кең, көз жанары жанып тұрған, көздің ойығы терең болғаны, сағағы мен кеудесі кең, қамыс құлақ, мойыны мен белі қысқалау болғаны бәйге аты үшін маңызы зор. Қайқы белден гөрі қысқа белділер алысқа шыдамды келеді. Тұяғы тостаған секілді құйма тұяқ болғаны жақсы, бақайдың ұзын болғаны да атқа абырой әпермейді. Дегенмен, осы аталғандардың бәрі бір аттың бойынан табылуы екіталай, егер 60-70 пайызы табылып жатса, ол жылқыдан бәйгенің аты шығады деп үміт күтуге болады.
- Бәйге атын неше жастан және қалай баптайды?
Құлын күнінен баптаса, нәтижесі жақсы болады. Жылқы малы тазалықты сүйетін жануар. Баптау кезінде құнарлы жерге жайып, құдықтың таза суымен суарып, арпа мен бидайын да суға бөктіріп берген абзал. Атты баптарда алдымен жілік майын толтырады. Ол дегеніміз семірту. Содан соң неқұрлым көп серуендегені маңызды. Бұрынғы нұсқа бойынша көбісі үйірден ұстап әкеліп, 10-15 күн баптап, бәйгеге қосып жібереді. Бұл дұрыс емес. Оған қазақ аттары ғана шыдай алуы мүмкін, бүгінгі ағылшын, араб жылқылары аяғын жіберіп қояды. Бәйге аты тай күнінен бастап шаба береді, бірақ ол кезде 1-2 бәйгеге ғана қосып, жүйрік екен деп артық қинамаған жөн. Аттың 5-7 жастарында нағыз толысқан кезеңі басталады, осы кезде кез-келген бәйгеге қосуға болады. Тағы бір ескеретін жайт, тұлпарды бәйгеге қосарда арасына ай жарым уақыт салып отыру қажет. Бір бәйгеден кейін ат шаршамай тұруы мүмкін, бірақ іштей дайын болмайды.
АҒЫЛШЫН АРҒЫМАҒЫ ЖАҚСЫ, БІРАҚ ӨТЕ ҚЫМБАТ
- Аламандарда бәйге алып жүрген қазақы аттар бар ма?
Қазақы аттар бәйгеге бұрын Батыс Қазақстан облысынан келіп қатысып жүрді. Олар 2007 жылға дейін бәйге алып келді. Ол кезде елге ағылшын жылқылары келген жоқ болатын. Қазір облыста бәйгеге түсіп жүрген аттың бәрі араб, ағылшын және англо-араб аттары. Баяғы Құлагер, Ақтабан секілді қазанаттардың тұқымы болса неге қоспасқа? Қазіргі қазақ аттарын айлап баптап келіп, бәйгеге қосқаныңда ағылшын аттары бой бермей кетеді. Қазақ аттары бір айналғанда ағылшын аттары екінші айналымды аяқтап жатады.
- Жақсы арғымақты қалай табуға болады?
- Бұрын бақ шаба ма, бап шаба ма десе, қазір бақ та, бап та, қан да шабады дейді. Қазір аттың тұқымын, қанын білу маңызды. Айғыр өзінен туған биемен шағылыспай, үйірден қуып жіберіп отырады. Бірақ оның 3-4 атадан кейін қайтып қосылмасына мал иесі мұқият болу керек. Мен өзімнің жылқыларымның алты атасына дейін білемін. Оларды бір-біріне қоспаймын. Олар да адам баласы секілді қаны алыс болған сайын тектілігі арта түседі.
- Ағылшын жылқыларының бағасы қанша тұрады?
- Олардың қанына байланысты бағасы әр түрлі. Кастелло, дотсеро, монкантур деген танымал тұқымдары бар. Егер алған жылқың осылардың немересі, шөбересі болса да, пұлын жоғалтпайды. Бірақ ондай жылқыны үнемі алуға қаржы қайда? Дегенмен, ағылшын атының бір кемшін тұсы - ол қораның малы. Суық пен жаңбырға шыдамсыз келеді.
- Кейбір сәйгүліктер шапқан сайын үдеп жататыны бар. Алайда біздің аламандар 25 шақырыммен шектеліп, ұзаққа шабатын жылқының бағын байлап жүрген жоқ па?
Республика бойынша бекітілген аламан бәйгенің қашықтығы 25-30 шақырым. Бірақ ұйымдастырушылар 40-50 шақырымға бәйге өткізіп жатса, оған шектеу қойылмаған. Дегенмен алыс жолға бәйге ұйымдастырып, соңғы айналымда екі ат шауып жүрсе немесе аттар мәреге мүлдем келмей қалса, ол да жақсы емес.
«ҚАЗІР АТ СПОРТЫНА ТЕК ФАНАТТАР ҒАНА КЕЛЕДІ»
- Ұлттық спортты дамытуда өзге облыстармен салыстырғанда деңгейіміз қандай?
- Өте төмен деп айтуға болмайды. Жақында 19-26 мамырда көкпардан өткен Қазақстан чемпионатында атыраулықтар 15 команда ішінен «қолаға» қол жеткізді. Құсбегілеріміз бірнеше республикалық чемпионаттың жеңімпазы. Жақында құрылған көкпардан жастар командасы биыл да бірінші рет республикаға барып, Қызылордада жақсы ойын көрсетіп қайтты.
- Көкпардағы ойыншыларымыздың бәрі Атыраудың жігіттері ме?
- Ерексектерден 2-3 жігіт қана өзімізден, қалғаны басқа өңірден. Қазір көкпардан жастар командасын дайындап жатырмыз. Олардың көпшілігі өзіміздің аудандардан. Жергілікті жігіттер бұған келгісі келмейді. 80 мың теңге жалақыны азсынады. Біреулер неге өзіміздің жігіттерді алмайсыңдар дейді, алмайды емеспіз, келмей тұр. Содан амал жоқ, облыстың намысын қорғау үшін Қызылордадан, Ақтөбеден және басқа өңірден жігіттерді жинаймыз. Бізге келетіні - көбіне фанат жігіттер. Ақшаға емес, ойыннан ләззат алатындар.
- Биыл сәйгүліктерімізді қандай жарыстар күтіп тұр?
- Күзде Атырауда «Дарабоз-2019» турнирі өтеді деп жоспарлап отырмыз. Онда топ, аламан, ұшқыр, көкпар секілді ұлттық спорт түрінің бәрі болады. Биыл жастар жылына байланысты командаларға көбіне жастарды тартқымыз келеді. Бұдан бөлек, Ақтөбеде облысаралық 4 жылда бір ұйымдастырылатын ат спорты түрлерінен фестиваль өтеді. Оған барлық спорт түрі бойынша әр облыстан 2 спортшыдан барады. Содан кейін Нұрсұлтан қаласында 2 жылда бір рет болатын «Алтын тұлпар» 51 шақырымдық бәйге болады. Оған да облыста бәйге алып жүрген тұлпарларымызды жібереміз деп отырмыз.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор