Жария болған архив материалдары бойынша, 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мыңнан астам адам кінәсіз сотталып, оның ішінде 25 мың адам ату жазасына кесілген. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай тарихи-өлкетану музейі осындай қайғыға тап болған атыраулықтардың жанұясымен кездесу өткізді. Қызыл сталиндік қырғынға ұшыраған миллиондаған тағдырлардың екеуін ғана назарларыңызға ұсынамыз.
Ақжай ҚОЙШЫБАЕВА, «халық жауы» атанып жазықсыз жазаланған Қойшыбай ЕСЕМБАЕВТЫҢ қызы:
Менің әкем Қызылқоға ауданының бірнеше мектебінде мұғалім болып, ағартушылық қызмет атқарған кісі. Оған қоса сол жылдары ауданда жұқпалы аурулардың көп болуына байланысты Орал қаласынан фельдшерлік мамандық алып, дәрігерлік жұмысты да қоса атқарды. «Еңбек Қызыл Ту орденімен», Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Отбасымызға пәле 1949 жылы келді: әкемді «халық жауы» деп жазықсыз 10 жылға соттап жіберді. Азаттықты көздеген, елдің білімді, оқыған адамдарының көзін жою сол кездегі қазақ халқын алға бастырмау үшін қолдан жасалған солақай саясат болатын. Әкемнің артында 3 ұл, 4 қыз қалдық. Әкем түрмеге кетерінде балаларының білім алуын, үйдің тұрмысын үлкен ағама тапсырып кетті. Өзі сол кеткеннен оралмады. 1952 жылы белгісіз себептермен Ақтөбе түрмесінде қайтыс болды деген хабар алдық. Бірақ сүйегі берілмеді. 1997 жылы президенттің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу туралы жарлығы шыққан соң әкемнің ұсталған кездегі құжаттарын жинай бастадым. Мәскеуде тұрған орден, медальдарын алдыртып, облыстағы тарихи өлкетану музейіне тапсырдым.
Асан БАЙШАҚҰЛОВТЫҢ қызы Назымхан АСАНОВА:
- Әкем ел ішінде беделді, белсенді адам болған. 1937 жылы 6 қазанда түн ортасына үйден ұстап әкетіп, «халық жауы» деп қаралап, абақтыға қамап, екі айдан соң түрмеде ату жазасына кескен. Ол кезде мен анамның құрсағында қалғанмын, әпкем 2 жаста болған. Анамызды «халық жауының» әйелі деп қиын жұмыстарға салатын. Бірде тұрған үйімізді біреулер өртеп жіберіп, нағашы әжеміз көшіріп алып бағыпты. Шешемді 6 жасқа толған кезімде бір көрдім. Бізді де бүлдіршін күнімізден бастап халық жауының қызы деп колхоздың жұмысына қосты. Бұзау, лақ бағып, егінде жалаң аяқ көкөніс тасып жүрген күндерім есімде. Қиын күндер еді...
Кейін Назымхан апай Қарауылкелді ауылынан 8 сыныпты аяқтап, кітапхана, тігіншіліктің оқуына түскен. Тігіншілікті бітіргенімен халық жауының қызы деп куәлік бермей қойған. Міне, қатігез билік осылай жазықсыз ата-аналарының ойдан шығарылған «кінәсі» үшін балаларды да жазалаған.
Кейін ол денсаулық саласында дезинфектор болып жұмыс жасады. Жасында жетімдік пен солақай саясаттың қиындығын көп көргенімен, бүгінде ол күндердің бәрі артта қалғанына сансыз шүкірлер айтады. Қазір Н. Асанованың 4 ұл 4 қызынан тараған 30 немере, 10 шөбересі бар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор және музей мұрағатынан