Атырау, 24 қараша 18:45
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Отанға қарызыңыз болмаса, шетелде демала аласыз

2 890 просмотра


Жазғы демалыс уақыты басталды. Шетелде демалғысы келетіндер үшін «АЖ» кейбір маңызды жайттарды еске салады.

Алдымен салық, баж салығы, айыппұлдар мен басқа да бюджеттік төлемдер бойынша қарыздарыңыз жоқ па, алдын ала тексеріп алу керек. Әйтпесе, сізді елден тысқары шығармайды. Оны Әділет министрлігінің сайтынан тексеруге болады. Ол жерден автоматты режимде «Шетелге шығу шектелген борышкерлер тізілімі» және «Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімі» деген тізім шығады. «АЖ»-ға Атырау облыстық Әділет департаментінің бөлім басшысы Ләззат БЕРДИЕВА хабарлағандай, бүгінде өңірімізде 5 мыңдай тұрғын қанша қаласа да, шетелге шыға алмайды. Өйткені қарыздары бар. Бердиеваның айтуынша, «қара» тізімнен шығу үшін бюджетке бүкіл қарызын төлеп, сот орындаушысына тиісті анықтаманы ұсыну керек.

Айтпақшы, егер жолдама сатып алсаңыз және сізді әуежайда осы себеппен өткізбей тастаса, турфирма жолдама құнын сізге қайтармайды.

Өзіңізбен бірге төлқұжатыңыздың көшірмесін де ала шыққан жөн. Егер жолда немесе барған жеріңізде түпнұсқасын жолғалтып алсаңыз, қажет болады. Бұл Қазақстанға баруға (оралуға) куәлік алу үшін қазақстандық дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге жүгінген кезде «форс-мажорды» анағұрлым жеңілдетеді. Елшіліктер мен консулдықтардың тізімі ҚР СІМ сайтында бар. Кейбіреулер әлеуметтік желілерге салу үшін әуежайда суретке түскенді ұнатады. Мұндай кезде билетіңізді суретке түсірмеген жөн, өйткені онда түрлі алаяқтарды қызықтыруы мүмкін ақпарат болады.

Атыраулық туроператорлардың мәліметтері бойынша, атыраулықтар жазда Түркияда, Мысырда және Біріккен Араб Әмірліктерінде (ең алдымен Дубайда) демалғанды жөн көреді. Дегенмен Мысыр мен Дубайға қыста да көп демалады. Самара мен Оралдан ұшқан қолайлырақ, өйткені Атыраудан чартерлік рейстер сирек ұшады әрі қымбаттау.

Фархат ӘБІЛОВ 

12 маусым 2019, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.