Біздің оқырмандарымыз «АЖ» сайтының апта сайынғы сауалнамасының нәтижесі шартты екенін және негізінен осындағы дүниетанымы жоғары оқырманның ұстанымын сипаттайтынын түсінеді. Дегенмен, біздің сауалнамаға қатысушылардың саны айтарлықтай көп (орта есеппен 700-800-ге жуық адам) және соңғы жыл ішіндегі (2018 жылдың шілдесінен бастап) сауалнама нәтижелері тек қатысушыларға ғана қызықты емес деп ойлаймыз.
ӘЛЕУМЕТТІК КӨҢІЛ-КҮЙ
Осы жылдың 13 наурызында өткізілген сауалнама нәтижелері бойынша оқырмандарымыздың 69 пайызы Атырау облысындағы тұрмыс деңгейі Қазақстан бойынша орташа деңгейден едәуір жоғары деген қалыптасқан пікірімен келіспейді. Тек 24 пайызы ғана басқа қазақстандықтардан ауқаттырақпыз деп есептейді.
Биылғы 15 мамырда жүргізілген сауалнама осы пікірді растады. Мұнда атыраулықтардың 74 пайызы жалақыларының айына ресми жарияланған 322 000 теңгеден аз екенін атап өтсе, 25 пайызы ғана одан көбірек алатындарын растады.
Өткен жылдың 4 шілдесінде сауалнамаға қатысушылардың 69 пайызы жазда демалуға қаржылық жағдайлары жоқ екенін растады.
Бір қызығы өткен жылдың 26 желтоқсанында сауал алынғандардың 19 пайызы (75 пайызға қарсы) ғана жергілікті билік азық-түлік және коммуналдық қызметтер бағасын төмендету туралы ерікті шешім қабылдай алар еді деп есептейді.
ЭКОЛОГИЯ
Өткен жылы теңіз жағалауындағы қамыстардың және қоқыс орнының жиі өртенуі, 2018 жылдың 18 тамызындағы сауалнама нәтижесі бойынша, жаз бойы түтінмен тыныстаған облыс тұрғындарының 86 пайызының жағдайын нашарлатқан.
Атырау қаласының маңында 2018 жылғы желтоқсанда Жайық өзенінде жаппай балық қырылған экологиялық апат та қоғамдық жағдайдың ушығуына әсер еткен. Сол кезде сауал жүргізілгендердің 94 пайызы трагедия ауқымы туралы ресми мәліметтердің кемітіліп берілгендігіне сенімді болды. Айта кету керек, олардың айтқандары дұрыс болып шықты. Шын мәнінде, балық бастапқыда мәлімделген мөлшерден анағұрлым көп қырылған.
Ақпан айының соңында сауал алынған «АЖ» оқырмандарының 82 пайызы өткен жылдың желтоқсанынан бастап уланудан қауіптеніп, базарлар мен балық дүкендерінен балық сатып алмағандарын мәлімдеді. Мұндай жағдай бұрын-соңды Атырау тарихында болмаған еді.
ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП
Өткен жылы тамыздың басында сауал алынғандардың 75 пайызы полиция телефон қоңыраулары мен құқықбұзушылықтар туралы шағымдарға лайықты әрекет етпейді деп есептеді.
2018 жылдың 26 қыркүйегінде сауал алынғандардың 84 пайызы полицейлердің жалақысын көтеру олардың жұмыстарын жақсартпайды деп санайды.
Өткен жылдың 21 қарашасында 82 пайызы, тіпті, елбасының өзі ішкі істер органдарын реформалай алмайды деп есептеді.
Өткен жылы азаматтар арасындағы түрлі дау-дамайларды шешу үшін дәстүрлі билер алқасын құру туралы әңгіме қозғалды. Алайда өткен жылы шілдеде сауал жүргізілгендердің 74 пайызы «жоқ, мен қарсы тарап ұсыныс айтса да, бұл сотқа жүгінбеймін» деді. Бәлкім, дау-дамайды әділдікпен емес, заң бойынша жазалауы тиіс деген түпсана әсер еткен болар.
ҚАЛА ТІРЛІГІ
Шамасы, ПИК-тер нашар жұмыс жасайтын шығар. 12 қыркүйекте жүргізілген сауалнамада оқырмандардың 48 пайызы көппәтерлі бірнеше үйді қамтитын кооперативтерді көп қабатты бір үйдің көлеміндегі мүлік иелерінің бірлестігіне ауыстыруды қолдайтынын көрсетті. 35%-ы сақтық танытып, ештеңені өзгертпеуге бейім екендіктерін көрсетті.
Ата-ана үшін сүйікті баласының мектеп бітіру кешінің шығындары да көпшілікті алаңдататыны сөзсіз. Мамырда сауал жүргізілгендердің 70%-ы білім министрлігінің мектеп қабырғасынан тыс, яғни, мейрамханалар мен кафелерде (23% - қарсы) мектеп бітіру іс-шараларын өткізуге үзілді-кесілді тыйым салғанына қатысты пікірлерін білдірді.
Қалада балалармен демалатын жер жоқ деп есептейді атыраулықтар. 55 пайызы шұғыл арада аттракциондары және басқалары бар үлкен парк салу керек десе, 22 пайызы үлкен сауда-сауықтыру орталығын, 13 пайызы – аквапарк салу керек деп есептейді.
ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Наурызда сауал жүргізгендердің 63 пайызы балалардың жыныстық ағарту сабақтарын енгізуге қарсы, 28 пайызы қолдайтын пікірлерін айтты. Біздің қоғамның басым бөлігі дәстүрлі көзқарасты ұстанады.
Бірақ бәрі біркелкі көзқараста ма? 1 мамырда «Сіз интернационалдық отбасын құруға дайынсыз ба?» деген сұраққа сауал жүргізілгендердің 44%-ы «иә» деп жауап берді. Бірақ тура сондай мөлшері «жоқ» деп жауап берді. Осы фактіге бос уақытта ой жүгіртіп көріңіз.
Өткен жылы қазанда 50 жастан асқан комсомол мүшелері әлеуметтік желілерде, тіпті мейрамханаларда комсомол күнін атап өтті.
Қазан айында өткізілген сауалнамада оқырмандардың 27% -ы бұл күнді еске алып, құрметтесе, 72% -ы «Мен үшін комсомол күні жоқ» деп жауап берді.
САЙЛАУ, САЯСАТ
Президенттік сайлау тақырыбы осы жылдың наурыз айында Н. Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін өзекті болды. Бұл оқиға үлкен өзгерістер болады деген үміт тудырды деп айтуға болмайды. Наурыз айында сауал алынғандардың 70%-ы Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін бір жыл ішінде Қазақстанда жаңа тәуелсіз саяси күштер пайда болады деп күтпейді (19% мұндай күштер пайда болады деп сенеді).
Қазақстанда сайлауалды процесі кез-келген басқа ойыншылар мен жалпы қоғам қызметін араластырмайтын бір орталықтан басқарылады. Сондықтан көпшілік тек не болып жатқанын бақылап, болжай ғана алады. Сәуірде билеуші «Нұр Отан» партиясы президенттікке үміткер ретінде кімнің кандидатурасын ұсынады деген сұрақ қойылды. 1% басымдықпен оқырмандар Дариға Назарбаеваны (39%) атады, алайда Тоқаев «жеңді», сауалнамаға қатысқандардың 38% ғана сол болады деп күткен еді.
Ал сол уақытта, Украинада шоу-бизнес өкілі Зеленский президенттік жарыстың сүйіктісі ретінде алға шықты (содан кейін қазіргі президент Порошенконы сенімді түрде басып озды). Қазақстан және қазақстандық шоу-бизнеске қатысты қалжың сауал жүргізілді. Дауыс арқылы қазақтың Зеленскийі Тұрсынбек Қабатов (40 пайызы) ұтса, Нұртас Адамбай екінші орында (23 пайыз), Әнуар Нұрпейісов (17 пайызы) үшінші орында. Осымен Қазақстандағы сайлау тақырыбы (9 маусымға дейін) қозғалмайды.
Сөз соңында, биылғы 30 қаңтарда «Ақ Жайық» оқырмандары қоғамдастығының көңіл-күйін білдіретін сауалнама нәтижелері: сауалнамаға қатысқандардың 66%-ы елден кеткісі келетіндерін айтты.
«АЖ» редакциясы