Өткен демалыс күндері Атырауда өткен парабилер бойынша Қазақстанның 15-чемпионатында вена вальсі, румба, танго, джайв, ча-ча-ча; ашық бояулы макияж, әдемі көйлектер мен фрактар, сезімтал музыка атмосферасы болды. Оған Алматы, Астана, Ақтау, Қостанай және біздің еліміздің басқа қалаларының өкілдері қатысты. Әрине, турнир иелері де болды.
Сайысқа арбаға таңылған мүмкіндіктері шектеулі жандардың қатысқаны атауынан да түсінікті. Бірақ олардың кәсіби шеберліктері мен алған марапаттарына сүйсінбеске болмайды.
Атырау облысының намысын Есболат БАЛБАЕВ пен Найля ҚАЛАУОВА қорғады.
- Бимен 8 айдан бері айналысып келемін, бірнеше сайыстарға қатысып, жеңімпаз болып үлгердім. Бізді танымал атыраулық хореографтар, «Аэлита» би-спорт клубының негізін салушылар Лидия мен Талғат Мұқановтар өз студияларында жаттықтырады. Білесіз бе, бидің берері өте көп, ал ең бастысы - өмірді толыққанды сезіну, - деп әсерімен бөлісті Есболат. Ол 10 жыл бұрын көлік апатына түсіп, жүре алмай қалған. Бірақ қол қусырып отырмады. Екі баланың әкесі, отбасы бар. Күндіз зілтемір көтерумен айналысса, кешкісін би паркетіне барады.
Найля шешімін талап ететін мәселелерді атады. Оның айтуынша, бимен айналысу үшін арнайы ғимарат пен мүмкіндіктері шектеулі бишілер үшін арнайы арбалар жоқ.
- Егер бұл мәселелер шешілсе, біз көбірек жұмыс істеп, жаңа жетістіктерге қол жеткізер едік. Оның үстіне, бұл үйлерінен сыртқа аттап шықпайтын мүмкіндіктері шектеулі басқа жандар үшін жақсы құлшыныс болар еді. Олар да бимен айналыссын, бұл сондай керемет нәрсе ғой, - дейді Найля.
Айтпақшы, олар бұл жолы да жүлдесіз қалмады. Есболат «сингл» бөлімінде бірінші орын, ал Найля үшінші орын алды. Олар сайыс бағдарламасының басқа бөлімдерінен де жүлделі орындарға ие болды.
Сонымен қатар, «Атырау» ДСК-де спорт билері бойынша «Еуразия-2019» дәстүрлі турнирі өтті. Бұл жерде «ювеналдар» (ең жас қатысушылар) мен «юниорлар» санатында бүкіл жүлделі орындарды «Аэлита» шәкірттері алған еді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен бейнежазбаларды түсірген автор