- Бүгінгі жеңісіме өте қуаныштымын, - деп сұрақтарыма жауап бере бастады 9 жасар Зарина НҰРҒАЛИЕВА сабырлы да нық үнмен. Шахматтан екі дүркін Азия чемпионы Заринамен ТШО компаниясының қолдауымен жетінші рет өтіп жатқан Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған дәстүрлі шахмат турнирінде кездескен едік.
Қазір Зарина 3-сыныпты тәмамдады. Үш жыл бұрын әпкесінің шахмат тақтасына отырғанын қызықтай бақылап, біртіндеп өзінің де шахматқа қызығушылығы оянған. Көнеден келе жатқан үстел ойынына деген қызығушылығы жеңістерге ұласты. Алдымен қалалық және облыстық балалар турнирінде, кейін республикалық және халықаралық сайыстарда жеңімпаз болды. Бұл дарынды қыздың алар асуы әлі алда екені шүбәсіз.
Осы турнирде оған анасы Жазира ЖАНҒАЛИЕВА қолдау көрсетіпті:
- Зарина кішкентайынан осы ойынға қызығушылық танытып, оны шахмат үйірмесіне берген едік. Шахматтың балаға берері көп, бастысы – еске сақтау қабілетін жақсартады, зеректілігін арттырып, қиын жағдайларда өздігімен шешім қабылдауға үйретеді. Бұл өмірде де қажетіне жарайды, - дейді Жазира.
Оның айтуынша, Зарина күнде жаттығып, халықаралық спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жәнібек Амановтан жеке дәріс алады.
- Қызымды дамыту үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз, - дейді анасы.
Биыл Атырау мен аудандардан 5-тен 16 жасқа дейінгі балалар турнирге қатысты. 9 жасар Ержан ЖЕТПІС Мақат ауданынан жанкүйер ата-аналардан, аға-іні, әпке-сіңлілерден құралған «қолдау тобымен» бірге келіпті. Ержан олардың үмітін ақтап, өз жас санатында жеңіс тұғырынан көрінді.
- Ұлымыз 6 жастан бастап айналысады, қазір 9-да. Жақсы жетістіктерге жетті, көптеген облыстық және республикалық сайыстардың жеңімпазы. Ал ең бастысы – ол шахмат ойнағанды жақсы көреді, - дейді анасы.
«БҰЛ БАЛАЛАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ҮЛКЕН ҮЛЕС»
Турнир бүкіл кәсіби ережеге сай, швейцарлық жүйемен екі кезеңде өтті. Алдын ала өткен ойындар мен олардан кейінгі финалға әуесқойлар да, ел чемпиондары сапынан да 130 бала қатысты. Турнир басталғанға дейін спорттық дәрежесі жоқтарға біліктіліктерін көтеру мүмкіндігі берілді.
Биыл Атырау облыстық шахмат федерациясының бапкерлері қатарындағы алқаға төрелік етуді сеніп тапсырыпты.
- Бұл турнир алғаш рет 2011 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өтті. Сол кезде Ғ.Айдаралиев атындағы облыстық шахмат федерациясы мен ТШО компаниясы арасында ынтымақтастық басталды, - деп әңгімелейді сайыстың бас төрешісі, федерацияның вице-президенті Сабырбай ҒАЙСИН. - Әлі есімде, 2011 жылы 8 жастан 80 жасқа дейін 80-ге жуық қатысушы болды. Бәрі дән риза болып, жыл сайын осындай турнир өткізілсе деген ақжарма тілектерін білдірді. «Теңізшевройл» да осы тілекке ықыласпен қолдау көрсетті. Жалпы бұл идея ТШО-ның заң бөлімінің бас менеджері Самат Әженовке тиесілі: кездесулердің бірінде ол маған бірлескен турнир ұйымдастыруды ұсынды, бәрі содан басталды. 2013 жылдан бастап ниет білдірушілердің көптігінен турнирді балалар мен ересектер турнирі деп бөлдік. Сол кезде балалар шахматы жақсы дами бастады: егер бұған дейін қалада тек бірер мектеп бар болса, 2013 жылы олардың саны 10-нан асты, оған 800-дей бала қатысты. Содан бері қарай бұл турнир жыл сайын Балаларды қорғау күнінде өткізіліп тұрады.
Бас төреші әңгімелегендей, турнирге дайындық үш ай бұрын басталады: бағдарлама жасалады, уақыт тәртібі белгіленіп, құрал-жабдықтар тізімі жасалады. Яғни, дайындық өте жақсы өтеді.
- Ал іріктеу қалай жүргізіледі, турнирге қанша бала қатысқысы келді?
- Турнирге 130-ға жуық бала қатысты. Іріктеу мектептерде өтті, біз ең мықтыларды таңдадық. Барлығы 7 топ бар, жас ерекшеліктері бойынша ұлдар төрт топта, қыздар үш топта ойнайды. Ең бастысы – бұл балаларымыздың турнир кезінде алатын бағалы тәжірибесі. Оның жеңімпаздарының көпшілігі болашақта республикалық және халықаралық турнирлерде ойдағыдай өнер көрсетті.
- Құрал-жабдықтар бәріне жеткілікті ме?
- Бірінші турнирден кейін «Теңізшевройл» Мәскеуге бар қажетті нәрсеге тапсырыс берді. Сол кезде федерацияда осыншама тақта болмады. Бірақ қолда барларын ұсынды. Бұл құралдар арзан емес, бір электронды сағаттың өзі 100 доллардай тұрады. Оған қоса, турнирде балалар шахмат ойнап қана қоймай, көңіл көтереді: олар үшін әдемі шоу ұйымдастырылды, балалар викторина сұрақтарына жауап берді, сайқымазақтар көңілдерін көтерді. Кішкентай қонақтар үшін түрлі тәттілер мен сусындар қойылған дастархан жайылды.
- Ата-аналар балаларын қайда қатыстыра алады, қалада қанша секция бар және тегін секциялар бар ма? Бізде көпбалалы отбасылар өте көп қой.
- Иә, әрине. Атырауда мемлекеттік 3 мектеп жұмыс істейді: Привокзальныйда Арбаттағы №1 БЖСМ, қалалық білім беру бөлімнің жанындағы Балалар мен жасөспірімдер клубы және мектептен тыс орталықтағы секция. Жеке 7 мектеп те жұмыс істейді. Бұдан басқа «Шахмат мектепте» бағдарламасына қатысып, үш оқу орнына - СТГ, Еркінқала мен Жұмыскердегі орта мектептерде екінші сынып оқушыларына факультативтік сабақтар форматында ойынның қыр-сырларын үйрету мүмкіндігін алдық. Бұл балалардың болашағы үшін үлкен үлес.
- Жақсы ойыншы болу үшін баланы шахматқа қай жастан беруге болады? Біздің «жұлдыздарымыз» туралы әңгімелесеңіз.
- Бізде халықаралық бір шебер бар, ол кезінде осы турнирде жарқырап жұлдызы жанған Жәнібек Аманов. Ол АҚШ-та үш жылдық машықтанудан өтіп, оралған кезде жергілікті балаларды жаттықтыра бастады. Оның шәкірттерінің көбі осы турнирде жеңімпаз болды. Бізде спорт шеберіне 10 үміткер бар және бірінші дәрежелі ойыншылар өте көп.
Жас ерекшелігіне келер болсақ, баланы төрт жастан бастап береді. Мысалы, Алматыда кішкентай балаларға арналған мектептер бар. Ал шахматқа 7-8 жаста көп келеді. Ережені меңгеру қиын емес, алайда жақсы ойыншы болу үшін қабілет, жүйкесі мықты, шыдамдылық, ерік күші қажет.
- Бізде, менің білуімше, шахмат ардагерлері де белсенді. Олар қайда жиналады?
- Олар Привокзальныйда өзара ойын өткізеді. Біз олар үшін үнемі турнирлер ұйымдастырып тұрамыз. Бұл тұрғыда қалалық спорт бөлімі жақсы қолдау көрсетеді.
...ПАРТИЯДАН КЕЙІН ЖҮРЕК ЖАЛҒАУ КЕРЕК
Осы әңгімеден кейін балаларға зер салдым. Үлкен залға екі қатар үстелдер қойылған, ол жерде бір-біріне қарсы ұлдар мен қыздар отыр. Өздері кіп-кішкентай болғанымен ересектерше ұстамды, тақтаға бар зейіндерін қойған. Партия уақыты шектеулі болғандықтан, көпшілігі еріксіз Роден ойшылының кейпін киген... Шешім қабылданып, кішкентай саусақтар шапшаң қимылдап, электрондық сағаттардың түймесін басады. Әжептәуір ойын әдісінен кейін бәсекелесінің маңызды фигурасы «желінсе» жүздері масайрап шыға келеді.
Ал партия аяқтағандар шырындарын ішіп, бургерлерін асап жеп отыр. Біреуі анасын іздеді. Айтпақшы, ата-аналар сыртта күтіп тұрды. Оларды баланы ойынан алаңдатып, кедергі келтірмес үшін залға кіргізбеді.
Залдан қыздардың ойындарын бақылап тұрған бір қызды байқадым. Ол осы турнирдің бірнеше дүркін және республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Диляра ҒАБИТОВА екен. Назарбаев Зияткерлік Мектебінде оныншы сынып бітірген. Мұнда төреші ретінде көмектесуге келіпті.
- Шахматқа 9 жастан бастап қатысып келемін, содан бері спорт жолында көп нәрсеге қол жеткіздім. Қазақстанның чемпионы атандым, Азия чемпионатында командалық есепте 2-орын, Прагада өткен халықаралық турнирде 1-орын алдым. Шахмат ой-өрісті дамыту және мінезді шыңдау ғана емес, бұл жаңа таныстар тауып, әлемді саяхаттау, - дейді Диляра. – Жоспарым өте көп. Қазіргі кезде шілде айында өтетін беделді «Astana Open» турниріне дайындалып жатырмын.
- Ең ұзақ партияң қанша уақытқа созылды?
- Қазір есіме түсірейін: бес сағат болды.
Ал турнирдегі орындар былайша бөлінген.
13 жастан 16 жасқа дейін:
1-орын - Жазира БОРАН (Сәтпаев атындағы мектеп, Геолог) және Ибрагим ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ (НЗМ)
2-е - Марина НҰРҒАЛИЕВА (НЗМ) және Азамат РАШИДОВ (№16 орта мектеп)
3-е - Ульяна ТАРАСОВА (№20 орта мектеп) және Самат МАРАТОВ (Ж.Досмұхамедов атындағы дарынды балаларға арналған лицей).
11-12 жастағы ұлдар арасында:
1-орын - Леонид НАУМОВ (№15 орта мектеп)
2-орын - Еділ ҚАЙЫРЖАН (№16 орта мектеп)
3-е орын - Аят АБДОЛЛАЕВ. (№17 орта мектеп)
10-12 жастағы қыздар арасында:
1-орын – Зарина НҰРҒАЛИЕВА
2-орын – Зарина САБЫРБАЙҚЫЗЫ (№27 орта мектеп)
3-орын – Зухра СӘРСЕНБІ (Сәтпаев атындағы мектеп, Геолог)
9-10 жастағы ұлдар арасында:
1-орын – Ержан ЖЕТПІС
2-орын – Айбек ТІЛЕКҚАБЫЛ (№16 орта мектеп)
3-орын – Арсен ҚҰМАРХАН (№15 орта мектеп)
9 және одан төмен жастағы қыздар арасында:
1-орын – Зере МҰЗДАҚ (№15 орта мектеп)
2-орын – Сабина БАҚЫТЖАН (№19 орта мектеп)
3-орын– Әсел ӘДІЛ (№19 орта мектеп)
8 және одан төмен жастағы ұлдар арасында
1-орын - Әлиасқар РАХМАНБЕРДІ (СТГ)
2-орын- Али ОНОГЛУ (Baby city мектебі)
3-орын - Сұлтан ЖЕТПІС (Мақат ауданы).
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ғана емес, барлық қатысушылар жүлделер мен естелік сыйлықтарға ие болды. Кейбіреулері шыдамай сыйлықтарының орауын аша бастады: біреуі смартфон, біреуі фотоаппарат, енді бірі шағын ойын құрылғысын және т.б. алған. Сыйлығына қуана қоймағандарды да көрдім. Шамасы, басқа нәрсе күткен болуы керек. Балалардың бабын табу қиын ғой.