Атыраудағы Ретро парк бұдан жыл жарым бұрын салынып, күтіп-баптау үшін «Атырау қалалық мәдениет және демалыс саябағы» КМК құрылған еді. Алайда шаруа үйлеспеді ме, қаладағы әдемі жерлердің бірі бүгінде қараусыз қалғандай күйде. Ал жақында саябақты «Трава у дома» ЖШС сенімгерлік басқаруға алды. Жеке кәсіпкер Татьяна ТЕГАЙДЫҢ бұл жерге қатысты жоспары көп және екі жылдың айналасында бұл жердің құлпыратынына сенімді.
Бүгінде саябаққа 200-ге тарта ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін тағы 400 тал егу егу жоспарда бар. Сонымен қатар саябақ ішіне 900 шаршы метрге гүл отырғызу жұмыстары басталып жатыр. Әзірге субұрқақтың біреуі ғана жасап тұр, екіншісі алдағы онкүндікте іске қосылмақ.
Саябаққа бүгін отырғызған талдар ертең көлеңке болмасы анық. Сондықтан паркке бірден биіктігі 3 метрден асатын ағаштар отырғызып, күннен қорғайтын архитектуралық формалар қоймақ. Татьянаның айтуынша, бұл жерде шағын кафе, неке қию залы және қоғамдық ақылы әжетхана жұмыс істейтін болады.
Жалпы саябақты толығымен көгалдандыру жұмысына шамамен 40 миллиондай қаражат жұмсалады деп жоспарланған.
Тағы бір қызығы, ретро паркте ол Атыраудың масасына арнап мүсін орнатқысы келген екен. Алайда креативті бұл жоба қалалық әкімдіктен қолдау таппапты. Шенеуніктеріміздің жұмысы қызықсыз-ау...
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және бейнежазбаны түсірген автор