Атырауда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Нариман Үлкенбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай халық музей қызметкерлері арасында республикалық байқау өтті. Оған еліміздің әр өңірінен мәдениет қызметкерлері қатысты.
Байқау 4 кезеңнен тұрды: «Келіңіз біздің музейге» атты алғашқы кезеңде қатысушылар қонақтарға өз музейлерін таныстырса, «Менің өмірімдегі музей» атты екінші кезеңде қызмет орнының халықаралық, әлемдік деңгейдегі жетістіктеріне шолу жасады. Ал, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты кезеңінде музейде ерекше орын алатын бір тұлғаның еңбегін көрерменге паш етіп, «Сұрақ-жауап» кезеңінде қызметкерлер Нариман Үлкенбаев туралы сұрақтарға жауап берді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша, Нариман Үлкенбаев атындағы бас жүлдені Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Ләззат САЛИХОВА жеңіп алса, 2-орын Атырау облысы Махамбет аудандық музейінің маманы Айдана МҮРСАЛИЕВА мен Нұрсұлтан қаласындағы Ұлттық музей қызметкері Назерке ЖАҚСЫЛЫҚОВАҒА бұйырды. Жүлделі үшінші орынға Қызылорда тарихи-өлкетану музейінің маманы Әлем БЕКТОЛИЕВА, Орал қаласындағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі қызметкері Айнагүл ОЙШЫБАЕВА және Түркістан облыстық музейінен келген Мәдина КЕНЖЕҒҰЛОВА лайық деп танылды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор