ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ҰРЫС
Санкт-Петербургте қоян-қолтық ұрыс бойынша әлем чемпионаты өтті. 60 келіге дейінгі салмақта Атырау спортшысы Ұлан Мұқашев керемет өнер көрсетіп, чемпион болды.
Ол бес жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті: Өзбекстан, Ресей, Молдавиядан келген қарсыластарын жеңіп, финалда ресейлік қазіргі әлем чемпионы Дмитрий Казигашевті тізе бүктірді. Алдыңғы әлем чемпионатында да Ұлан онымен финалда шайқасқан болатын. Бірақ ол кезде есе жіберіп, күміс алқа алды. Есе қайтару мүмкін болды.
ШАХМАТ
Қызылордада «Аралбай Махамбетов мемориалы» ҚР Кубогының 1-кезеңі өтті.
Атырау командасы бұл жерде тамаша өнер көрсетті. Зарина Нұрғалиева мен Жәнібек Амановтың еншісіне алтын алқа бұйырды. Абзал Әмірәлі, Әлимансұр Олжа және Әли Оғлы күміс алқамен марапатталды. З.Нұрғалиев пен А.Олжа облыс құрамасының қоржынына күміс және қола алқа салды.
БОКС
Бакуде 2005-06 жылғы ұлдар арасында бокстан «Зерва кубогы» өтті. Жарысқа Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан спортшылары қатысты.
Бапкер Азамат Байдоллаевтың шәкірті Нұржан Жұбанов бұл турнирде өзін жақсы көрсетті. 42 келіге дейінгі салмақта қатысқан ол ринг иелерімен үш жекпе-жек өткізіп, тек финалда жеңіліп қалды. Нәтижесі - күміс алқа.
БАСКЕТБОЛ
«Атырау №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» командасы 2005 жылғы ұлдар арасында Алматыда өткен ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды. Алтын алқа жеңімпазы финалдық матчтың соңғы секундтарында анықталды.
Облыстық құраманың бапкері Амантай Торғаев әңгімелейді:
- Чемпионатқа 11 облыстан 12 команда қатысты. Алдын ала кезеңде олар әрқайсысы 6 командадан тұратын 2 кіші топқа бөлінді. Біз кіші топта тек алматылық «Фитнес» командасынан ұтылып, 2-орынды иелендік. Содан кейін жартылай финалда 45:31 есебімен Қарағандыны жеңді, ал «Фитнес» «Алматы БК» командасынан үстем түсті. Біз финалда есемізді қайтаруға мүмкіндік алдық.
Матч барысында үнемі қуып жетуші рөлінде болдық. Ал соңында рух пайда болды. Соңғы минутта біздің ойыншы Никита Крюков 3 ұпайлық доп салып, есеп теңестірді - 80:80.
Таблода 34 секунд қалған еді. «Атырау» шабуылды тойтарып, алға ұмтылды. Орталық ойыншы Ақан Мұхажанов екі қорғаушының кедергісінен сытылып шығып, шешуші 2 ұпайды салды. Біздің команда - ел чемпионы! Ал Крюков чемпионаттың үздік ойыншысы деп танылды.
ЖҮЗУ
Шымкентте 2007 жылғы ұлдар мен қыздар арасында өткен ел чемпионаты аяқталды.
Атыраулық жүзгіш Диар Ғизатов 50 метрлік қашықтықта (брасс) алтын алқаға ие болды. Ол 400 метр қашықтықта кешенді жүзуде мәреге үшінші болып жетті.
Қола алқа 4×50 метр эстафетада атыраулық команданың еншісіне тиді. Оның құрамында Д.Ғизатов, Инсан Дияров, Әлихан Кутлумурат және Әділет Бақтыгереев бар. Спортшыларды Иван Галкин жаттықтырады.
ЖЕКПЕ-ЖЕК
Нұр-Сұлтанда балалар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Аға бапкер Ерман Майлашев жетекшілік ететін Атырау облысы құрамасының қоржынында 3 алтын, 3 күміс және 5 қола алқа бар.
Мейрамбек Айғалиев (36 кг дейін), Мәди Сиғатолла (46 кг дейін) және Арсен Ризуанов (55 кг жоғары) чемпион болды.
ДЗЮДО
Австриялық Лейбниц қаласында жастар арасында Еуропа кубогы өтті. ҚР құрамасында 66 кг дейінгі салмақта атыраулық спортшы Ермек Амангелді 64 спортшының арасынан екінші орынға ие болды.
Іріктеу кездесуінде Ермек Германия, Болгария, Бразилия және Франция өкілдерінен басым түсіп, жартылай финалда латвиялық қарсыласын жеңді. Бірақ ақтық сында жапондық спортшыдан ұтылып, нәтижесінде күміс алқаға қол жеткізді.
ҮСТЕЛ ТЕННИСІ
Атырау облысының құрамасы тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар арасында өткен Қостанай облысының ашық Кубогына қатысты. Командалық сайыста Атырау теннисшілері 7 алтын, 4 күміс және 6 қола алқа иеленіп, жақсы нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда, Ерлан Қазиев жеке сайыста және Конгеев Кенгеспен бірге командалық сында алтын жүлдегер атанды. Ал Кенгес абсолюттік санатта екінші орыннан көрінді. Мәди Имаков командалық және жекелей сында екінші, абсолютте үшінші орын алды.
Жекелей сайыста Насихан Махамбет пен Мұқадия Қуангереев қола алқаны місе тұтты. Раушан Орынбаева абсолютте және жекелей сында алтын жүлде иеленді. Раушан Тыныш Жакуповамен бірге жұптық сында күміс жүлдеге ие болды. Тыныш жекелей сында бірінші, абсолютте үшінші орын алды. Ұлжан Қаламғали жекелей және жұптық сында күміс алқа, абсолютте қола алқа тағынды. Балауса Аймашева жекелей сында үшінші орын алды.