Жайық жағасындағы айналма көпір маңында 2018 жылдың қарашасында Тәжікстан мен Өзбекстаннан Атырауға келген гастарбайтерлердің саусақ іздері басылған тіркеу құжаттары шашылып жатыр. Бұл туралы сол маңдағы ықшамаудан тұрғындары редакцияға жасырын хабарлады.
Құпия ақпарат жазылған А4 парақшалары жыңғыл бұталарына ілініп қалған. Сол себепті де желді күндері ұшып кетпеген болар. Бұл жерде саусақ іздері бар отыз шақты парақша шашылып жатыр. Облыстық көші-қон полициясына «АЖ» қоңырау шалғаннан кейін өзін Дастан СУБХАНБЕРЛИНМІН деп таныстырған офицер сол жерге келді. Комментарий беруді өтінгенде ол:
- Ешқандай комментарий бермеймін. Бұл жерде Атырау ІІБ көші-қон қызметі қызметкерлерінің қолы қойылған. Қазір осы қағаздарды басшылыққа апарып беремін. Бұл жерге қайдан келгенін сол жерде анықтайды, - деді.
Кейін полиция департаменті бастығының орынбасары Берік АМАНГЕЛДІ "АЖ"-ға былай хабарлады: "Тәртіп бұзған көші-қон полициясы қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр".
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ