Өз еркімен жұмыстан кеткен Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВТЫҢ орнына облыстық құрылыс басқармасының бастығы болып Болат НҰРҒАЛИЕВ тағайындалды.
Б. Нұрғалиев 1966 жылы дүниеге келген, инженер-құрылысшы мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын құрылыс шебері болып бастаған. Коммерциялық құрылымдарда, «Қазақойл» ҰМК менеджері болып және «ҚазМұнайГаз» ҰК департаментінде еңбек еткен. 2002-2007 жылдары Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына басшылық еткен. 2008-2010 жылдары «Корпорация Айсель-Қазақстан» ЖШС-нің атқарушы директоры, 2010-2012 жылдары – ҚР Экология министрлігінің Есіл экологиялық реттеу және бақылау департаменті бастығының орынбасары, Астана қаласы бойынша бас экология инспекторы, Жайық-Каспий экологиялық реттеу және бақылау департаментінің бастығы, «Грин-Системс» ЖШС бас директорының кеңесшісі (Атырау қаласы) қызметтерін атқарды.
Н. Кенжебековтың әрі қарайғы тағдыры туралы хабарланбайды. Естеріңізге салсақ, Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ танысу сапарының қорытындысы жөніндегі активте сөйлегенөз сөзінде әлеуметтік нысандар құрылысының және күрделі жөндеу сапасының нашарлығын сынға алған болатын. Атап айтқанда, ол тендерлер қорытындысы бойынша жұмыстардың көп көлемі бір-екі компанияларға, олар өз кезегінде, қосалқы фирмаларға берілген. Нәтижесінде 1 қыркүйекте 10 мектеп ашылмай қалды, ал 8 мектептің оқушылары қазіргі кезде спорт залдары мен басқа да бейімделген ғимараттарда оқып жатыр.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА