Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Аида Салянова 48 сағат тергеуге алынғаннан кейін ұсталды. Салянова қылмыс әлемінің беделдісі Азиз Батукаевтың заңсыз түрмеден босатылуына байланысты сұрауға шақырылған.
Тергеу кезінде бұрынғы әскери прокурор Майрамбек Акматалиев пен бас прокурордың бұрынғы орынбасары Людмила Усмановамен жүзбе-жүз кездестірілген. Осыдан кейін Аида Салянованы қамауға алу туралы шешім қабылданған. Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босату туралы депутаттардан құралған комиссия бұл іске тікелей қатысы бар 28 шенеунікті анықтаған.
2013 жылдың сәуір айында Нарын қалалық соты дәрігерлердің Азиз Батукаев «айықпас дертпен ауырады» деген анықтамасына сәйкес, қылмыс әлемінің белсендісін мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдаған. Осыған дейін Салянова сұқбатында Батукаевтың босатылғанын ол елден кеткеннен кейін білгенін айтқан.
Дереккөз: qazaqtimes.com