Атырау, 24 қараша 20:35
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Үш құты сыра мен әлеуметтік желілердің құдіреті

Сурет Бейнежазба
3 163 просмотра


Атырауда екі күндік «Түнгі қаладағы балалар» жедел-алдын алу шарасы өтті: полицейлер сағат 22-ден кейін ойын-сауық орындарында және көшелерде ересектерсіз жүрген кәмелетке толмаған балаларды анықтады. Рейдке «АЖ» тілшісі де бірге шыққан еді.

Шара драмалық көріністен басталды: №12 тірек пунктіне жақындаған кезде полицейлер 13-14 жастағы айқайға басқан баланы көтеріп әкеле жатты. Оны көріп, баланы не істейсіңдер деп сұрадым.

Жедел басқару орталығына түскен қоңырау бойынша оны Привокзальный ықшам ауданынан жалғыз қыдырып жүрген жерінен алып келіпті. Баламен жәй тілдесу мүмкін болмады - ол сөйлесе алмайтын күйде еді, кейінірек оның психикасы дұрыс еместігі анықталды. Ойланып, бір шешімге келген полиция оны суретке түсіріп, ғаламторға таратты. Әлеуметтік желілердің құдіретін айтсаңызшы, 15 минуттан кейін баланың анасы табылды.

- Оны өз бетіммен іздедім, полицияға жүгіну ойыма келмепті. Бүгін жұмысқа кеткен кезде ағасымен ұйықтап жатқасын үйге тастап кетіп едім. Шамасы, мені іздеймін деп сыртқа шығып кеткен ғой, - дейді өзбекстандық әйел көзі жасаурап.

Көңілді жабырқатар жағдай болғанмен бәрі жақсы аяқталғанына шүкір.

Әрі қарай тәртіп сақшылары ішімдікті сатуға жол бермеді - алдын ала белгіленген «бақылаушылар» Авангардтағы дүкендердің бірінде сыра сатылғанын хабарлады. Бұл сағат он бір жарымның шамасы болатын. Ал жеңіл алкогольді сағат 23.00-ге дейін (күшті ішімдікті - 21.00-ге дейін) сатуға болады. Сол жерге барғанда сатушының бұл уақыттан тыс үш құты сыра сатқаны анықталды. Енді ол 10 АЕК көлемінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде дүкен иесі 40 АЕК айыппұл төлейді.


Әрі қарай жүрдік. Енді бізбен бірге қалалық полиция басқармасының аға лейтенанты Бағдат БЕКСЕЙІТОВ шықты.

- Балалардың түнде қараусыз жүруі дұрыс емес. Бұл заңсыз әрі қауіпті, - дейді аға лейтенант. – Бұған ата-ана кінәлі. Бір қызығы – олар балаларын тірек пунктіне апарғанын білгеннен кейін наразылық білдіріп жатады.

Сағат 00:10. Нұрсаяда полицейлер аулада әткеншек теуіп отырған баланы байқады. Жасы 16-да, оның айтуынша, анасымен екеуі күнде кешке есік алдына шығып серуендейді екен. Бірақ бүгін аяғын ауыртып алып, өзімен бірге шыға алмағанын айтты. Оның пәтеріне бардық. Бала өтірік айтпапты, анасы ақсаңдап жүр екен. Алғысын айтып, енді түнде баласын жалғыз жібермеймін деп сендірді.

Бұл аудандағы дүкенде бір бөтелке арақ сатылғаны анықталды. Сатушы ішімдік сату уақытының өтіп кеткенін байқамай қалдым деп ант-су ішті. Өкінгенімен оған да, дүкен иесіне де айыппұл салынады.


Сағат түнгі бір болып қалды. Полицейлер ойын клубына кірді. Кәмелетке толмаған жас баладай көрінген жігіттің жасы 18-де болып шықты. Сол орында жұмыс жасайтын жігіт жақындап келіп, оларды демалыс атмосферасын бұзғаны үшін жазғырып, жедел-алдын алу шарасын өткізу туралы бұйрықтың көшірмесін талап етті. Полицей оған бұйрықтың нөмірін атап, тексеру үшін 02 пультіне қоңырау соғуын сұрады. Жігіт соқпады.

Екі күн ішінде қаланың түнгі көшелерінен 73 жасөспірім ұсталып, олардың ата-аналары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы («Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.



Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

4 маусым 2019, 11:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.