Бүгін Атырау тұрғындары мен мекеме ұжымдары Жеңіс саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарының мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін жылдары солақай саясаттың құрбанына айналып, қудаланған жазықсыз жандарды еске алды.
Жиынға аймақ басшысы Нұрлан НОҒАЕВ та қатысты:
- Біздің азаматтық борышымыз жазықсыз жәбірленушілерді әрдайым еске алып, бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Осы зұлмат жылдардан бері қанша уақыт өтсе де бұл біздің халқымыздың есінде мәңгі сақталуы тиіс, - деді ол жиында.
Өз идеялары үшін күрескендердің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды. Осы жылдар ішінде кінәсіз сотталған миллиондаған жандардың есімдері ақталды. Үш миллионнан астам қазақстандық қуғын-сүргін мен ашаршылықтан зардап шекті. Қазақстандық зиялы қауым өкілдері жаппай қудаланып, олардың көпшілігі атылды. Бұл Қазақстан үшін айтарлықтай соққы болды.
Еске салайық, 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын реабилитациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 1997 жылғы 5 сәуірде мемлекет басшысы 31 мамырды саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор