Финляндиялық медбикелер Ханнеел ТИТТАНЕН мен Марио ПАЛОВАРА Атырау жерінде бір апта болып, жергілікті медколледж оқытушылары үшін курстар ұйымдастырды. Олармен тілдескен «АЖ» тілшісі ол жақтағы медбикелердің мәртебесі дәрігерлерден кем түспейтінін, ал жалақылары біздегіден 15 есе жоғары екенін білді.
Курстан кейін финдік медбикелер оқытушыларға еуропалық сарапшы сертификатын табыс етті. Бұл текке берілген жоқ: жақында Атырау медколледжі жоғары медицина колледжі мәртебесін алды. Енді ол «бакалавриат» бағдарламасы бойынша студенттерді оқытады.
- Финляндияда медбикенің міндеттері пациенттерді қабылдап, дәрі-дәрмек тағайындау сияқты дәрігердің міндетіне жақын, - деп таң қалдырды мені Ханнеел Титтанен. – Мұны дұрыс деп есептеймін. Медбике жай ғана дәрігердің көмекшісі болмауы тиіс.
- Фин медбикелерінің жалақысы қанша?
- Орташа алғанда 3000 еуро. Егер өтілі көп болса, 5000 еуроға дейін алады. Бірақ біздің елімізде медбикелердің көбірек жалақы алғанын қалаймыз, өйткені оларға үлкен жауапкершілік жүктелген.
- Қазақстанда екпе салдырудан бас тартып жатады. Сіздерде осындай проблема бар ма?
- Ондай проблема жоқ, вакциналау көрсеткіші бойынша 100 пайыз дерлік. Финляндияда екпе салдырудан бас тартқаны үшін айыппұл бар-жоғын білгіңіз келеді ғой? Солай ма? Өйткені Қазақстанда осындай әңгіме қозғалды деп естідім. Бізде мұндай «ұсақ-түйекке» айыппұл салынбайды. Бәрі дерлік екпе салдыру қажет деп есептейді. Егер біреу салдырғысы келмесе, қорқынышты дәнеңе жоқ… Ал сіздерде медбикенің жалақысы қандай? – деп сұрады Ханнел менен.
- Мұнда да өтілге байланысты. Таныстарым айына 60-80 мың теңге алады. Бұл шамамен 200 еуро.
- Бұл оларға жете ме?..
- Қалай десем екен...
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор