АҚШ қорғаныс министрлігі Ресей ядролық қаруды сынақтан өткізуі мүмкін деп күдіктеніп отыр. Пентагон барлау басқармасының басшысы Роберт Эшли Reuters агенттігіне берген сұхбатында: «Мәскеу ядролық қуаты аз қаруды сынап көруі мүмкін» – деп мәлімдеді.
Ресми Уашингтон Мәскеу ядролық сынаққа мүлдем тыйым салатын құжат талаптарын орындамай отыр дейді. 2000 жылы Мәскеу ядролық сынаққа мораторий жарияланғанымен, Роберт Эшлидің айтуынша, Ресейдің ядролық қуаты аз қаруды сынап көруге техникалық мүмкіндігі бар. БҰҰ-ға мүше елдер ядролық қаруды сынақтан өткізбеуге 1996 жылы уағдаласқан. Содан бері келісімге 185 мемлекет қол қойды. Бірақ ұйымға мүше 8 мемлекет құжатты әлі күнге дейін ратификацияламағандықтан келісім күшіне енбеген. Аталған 8 елдің қатарында АҚШ, Қытай, Иран бар. Ал Кеңес одағы ыдырағаннан кейін ядролық қаруды қысқарту туралы ең ірі әрі маңызды келісім АҚШ пен Ресей арасында 2011 жылы жасалды. Бұл келісім стратегиялық қаруларды шектейтін ең жаңа шарт ретінде 2021 жылға дейін жарамды шарт болып саналады. Биыл 1 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен жасасқан 30 жылдық тарихы бар орта қашықтыққа ұшатын зымырандарға қатысты келісімді тоқтататынын мәлімдеді. Ақ үй көп уақыттан бері Ресейді қол қойған келісімге қайшы қадамдар жасап, АҚШ және оның одақтастарына қатер төндіретін зымырандар мен жүйелерді жасап, қолданды деп айыптайды. НАТО тарабы да Ресейдің кейбір қадамдары Еуропа елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр дегенді алға тартады. Екі жақты келісімнің ережесіне сай, егер бір тарап келісімнен бас тартса, 6 айдан кейін келісім толықтай күшін жояды. Осыған байланысты, НАТО мүшелері Ресейден алты ай ішінде келісімді сақтап қалуға, АҚШ-пен жаңа келісім жасауға күш салуды талап еткен. Дегенмен, Мәскеу бұл туралы мәлімдемесінде, АҚШ-тың аталған келісімнен біржақты шығып кетуі Ресейді өз қауіпсіздігін қорғаудың жаңа шараларын жасауға мәжбүрлейді деген. Айта кетер бір жайт, Ресей Федерациясының әскери доктринасының 24 бөлімінде: «Ресей өзіне және одақтастарына қарсы ядролық қару қолданған арандатуша елге дәл солай жауап беруге және Ресейдің мемлекеттігіне қауіп төндіретін кез келген жағдайда ядролық қару қолдануға құқылы» делінген.
Дереккөз: qazaqtimes.com