ДОЙБЫ
Атырауда мұнай және газ университетінің спорт кешенінде 64 шаршылық дойбы бойынша ҚР чемпионаты өтті. Сайысқа еліміздің бүкіл өңірінен 54 ойыншы қатысты. Олардың арасында 2 халықаралық спорт шебері мен 7 ҚР спорт шебері бар. Жеңімпаздар үш номинация – классика, рапид және блиц бойынша анықталды.
Атыраулық спортшылар Ерзат Кенжеғали (классика) мен Мардан Тұрсынханов (блиц) ел чемпиондары болды. Ал Атырау құрамасы қоржынына түрлі санатта 17 алқа салды.
ДЗЮДО
Мәскеуде 2006-2010 жылғы ұлдар мен қыздар арасында дәстүрлі «Жазғы Кубок» өтті. Бұл турнирге атыраулық дзюдоистер командасы да қатысты.
Өз салмақ дәрежелері бойынша Дәмелі Асылханова, Дана Әбдірова және Әсел Русланова жеңімпаз болса, Зере Өтепқали, Қатима Базарқызы, Аяжан Хайролла, Әсемгүл Өтегенова және Фархад Асылханов жүлдегерлер атанды. Спортшыларды БЖСМ-1 бапкерлері Б.Жұмабаев, А. Сүлейменова және Д.Жақсиев дайындады.
* * * * *
Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир ұйымдастырылды.
Атырау қаласындағы олимпиадалық резервтегі дайындық орталығының шәкірті Бауыржан Қасым осынау беделді сайыстың жүлдегері болды. Ол 73 келіге дейінгі салмақта 3-орын алды.
САМБО
Ақтөбеде самбодан ҚР Универсиадасы өтті. Оған қатысқан атыраулық төрт спортшы турнир финалына дейін жетті.
Олардың үшеуі - Аманжан Әбу, Қайырберді Айдынбай және Парасат Жұмабай финалдық жекпе-жекті ұтып, чемпион атанса, Дәурен Болатбекұлы күміс алқаға ие болды. Облыс құрамасын аға бапкер Қайрат Досқалиев жаттықтырды.
* * * * *
Тольяттиде самбодан Бүкілресейлік ашық турнир өтті.
Атыраулық спортшылар бұл жерде екі алқа иеленді: Нариман Мұқан – күміс алқа, Айболат Орынғалиев – қола алқа.
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ
Қызылордада өткен ел чемпионатында ардагерлер арасында бірнеше дүркін ҚР чемпионы, БЖСМ-1 бапкері Құрманбай Ашетов екі алқаны иемденді.
Бұл жолы ол «классика» санатында күміс алқа мен «блиц» бойынша қола алқаға қол жеткізді.
ЕРКІН КҮРЕС
Италияның Сассари қаласында жастар арасында Гран-при сериясының халықаралық турнирі өтті. ҚР құрамасы ойдағыдай өнер көрсетіп, командалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұған атыраулық палуан Талғат Сырбаз салмақты үлес қосты.
65 келіге дейінгі салмақта күрескен ол Канада мен Италияның өкілдерінен басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Спортшыларды бапкерлер Аслан Жаманбаев пен Нәсіпқали Кәукенов дайындады.
БОКС
Ақмола облысының Атбасар қаласында 2005-06 жылғы жасөспірім ұлдар арасында бокстан ел чемпионаты өтті.
Атыраудың екі өкілі финалға шыққанмен, ұпай бойынша бәсекелестеріне есе жіберіп, нәтижесінде күміс алқа жеңіп алды. Олар - Мұхаммед Ғарифоллаев (58 кг дейін) пен Нұрасыл Бауыржан (70 кг дейін).
КІР ТАСЫ СПОРТЫ
Атырауда жасөспірімдер арасында ашық қала чемпионаты өтті. Бағдарламада екі пұт кір тасын жұлқи көтеру және бір кір тасын алма-кезек серпи көтеру сайыстары болды.
Өз салмақ дәрежелерінде Олег Фофонов, Жеңіс Жолманов, Мұрат Ерсұлтан, Валерий Музаренко мен Иван Продченко жеңіске жетті. Спортшыларды ҚР Еңбек сіңірген бапкері Игорь Мырғамбаев жаттықтырды.
ДЖИУ-ДЖИТСУ
Щучинск қаласында 2006-07 жылғы жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті.
Осы жекпе-жек өнерінің ең күрделі «файтинг» бөлімінде атыраулық үш спортшы Асылан Есей, Азамат Әбуов және Луиза Өтебалиева ел чемпиондары атағын иеленді. Спортшыларды бапкер Қ.Жаңбырбаев жаттықтырды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ