Атырау, 24 қараша 20:41
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Дәрі керек болса, қағазыңды ала бар

3 530 просмотра



Осыдан бірер апта бұрын Атырау қаласындағы дәріханаларда еркін сатылған дәрі-дәрмектерді рецептсіз сатпау туралы шешім шыққаннан кейін ҚР ҰҒА академигі, Дәрілік құралдарды сараптау ұлттық орталығының бас фармакологы Раиса КҮЗДЕНБАЕВА қаламызға арнайы келген еді. №3 емхана базасында ол жергілікті фармацевтермен кездесіп, оларға жұмыс істеудің қазіргі қағидаларын түсіндірді. Жалпы, бұл тек біздің аймақта ғана болып жатқан үрдіс болмас. Орталық шабармандары басқа да қалаларға барып, түсіндіріп жүрген болуы мүмкін.

Алдымен цифрлар айтылды: бүгінде Қазақстанда 7 792 дәрі-дәрмек атауы тіркелген, оның ішінде 6 033-і (77%-ы) дәрігердің рецептісі бойынша беріледі.

- Міне, қараңыз, дәрі-дәрмек өте көп. Әрқайсысының өз құрамы, тағайындалуы, ағзаға әсері бар. Фармацевт өзі берген әрбір дәрі үшін жауапты екенін естен шығармауы керек, - деп сөзін бастады Раиса Күзденбаева. - Бұрын республиканың барлық тұрғындары дерлік өзін-өзі емдеумен айналысты. Мысалы, егер басы ауырса, дәріханаға жүгіріп барып, парацетамол сатып алады. Бәлкім басы басқа себеппен ауыруы мүмкін  және осы дәрі кері әсер беретін шығар? Дәріханалардағылар да сұрамайды, бәрін сата береді. Біз өз-өзін емдеуді тоқтатуымыз керек, өйткені ұлт саулығы маңызды.

Ол сондай-ақ дәрілік құралдардың басым бөлігін рецептсіз сатуға баяғыда тыйым салынғанын атап өтті. Бірақ ол туралы қазір ғана естеріне түсіріпті.

- Адамдар дәрі-дәрмектердің көбін рецептісіз сатып алуға үйренген. Сондықтан да қазіргі дүрбелең орын алып отыр. Бірақ сіздер заңға сәйкес жұмыс жасауға тиіссіздер, - деді Күзденбаева.

Атырау облысы бойынша фармация комитетінің департамент басшысы Сара ОРАЗОВА айыппұлдар туралы ескертті:

- Дәрі-дәрмекті қажетті рецептісіз берген жеке тұлғалар үшін 70 АЕК және заңды тұлғалар, яғни, дәріхана иелері үшін 130 АЕК көлемінде айыппұл тиесілі. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу» деп аталатын 426-бабы. Егер заң бұзушылық жыл ішінде қайталанса, онда дәріхана жұмысы тоқтатылады.

Кездесу соңында Раиса Күзденбаева дәрігер рецептінсіз қандай дәрі-дәрмектер сатылатынын еске түсірді:

- Дәрумендер, мұрынға тамызатын тамшылар, шәрбат, шөптен жасалған шайлар мен жиынтықтар, кейбір тұмауға қарсы және ауырсынуды басатын препараттар, мұның бәрі тізімде бар.

Дәріханаларға қатысты анықтаған сияқтымыз. Енді дәрігерлерге қатысты мәселені айқындасақ...

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

28 мамыр 2019, 18:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.