АҚШ президенті Дональд Трамптың Жапониядағы 4 күндік сапары бүгін өз мәресіне жетті. Ол бұр реткі сапарында, АҚШ-Жапония арасындағы сауда-экономикалық, технология, телекоммуникация саласындағы табысты келісімдерінен тыс, Қытайдың әскери кеңеюіне қарсы қорғаныс ынтымақтастықты да тереңдетіп қайтты.
Бұл ынтымақтастықтың айғағы ретінде екі ел басшысы бүгін Жапонияның "Kaga" тікұшақ тасымалдаушы кемесінде кездесу өткізді. Бұл Трамптың Жапония сапарында қатысқан елеулі рәсімдерінің бірі болды. АҚШ пен Жапония әлемнің бірінші және үшінші ірі экономикасын иелеген елдер. Трамптың Жапониядағы сапары көп бағытты, екіжақты келісімдерді түзуге бағытталды.
Кезекті кездесулерде Трамп мынадай табыстармен Уашингтонға оралды деуге болады: Жаңа сауда-экономикалық келісім алғашқы адымда жүзеге асырды; Иран мен Солтүстік Корея мәселесі туралы Жапониямен пікір алмасты; Импорт-экспорт өнімдері туралы келісім жасалды; Қытайдың телекоммуникация өнімдеріне шектеу қою туралы кепілдік алды; Әскери ынтымақтастықты тереңдетті. АҚШ бұған дейін де өзінің Азия-Тынық мұхит аймағындағы одақтастарын Қытайдың әскери кеңеюіне қарсы күресте қолдау көрсетіп келеді. Жапонияның әскери кемесінде кездесу өткізген Трамп пен Абе, Бейжіңді тікелей ауызға алмаса да, Қытайдың Тынық мұхитындағы әскери кеңеюіне байланысты алаңдаушылық білдірді.
Айталық, жапон бас уәзіні Абе Жапонияның әскери қорғаныс саласында жаңа сынақтарға тап болғанын, өңірлік қауіпсіздік мәселесі күн санап маңызды орынға шыға бастағанын сөз етті. Ал, президент Трамп болса, Жапонияның 105 дана F35 Lightning ұшақтарын сатып алуы (әрқайсысы шамамен 100 млн АҚШ доллары тұрады) АҚШ-тың аймақтағы және одан тысқары өңірлердегі қауіп-қатерге қарсы күресіне үлкен қолдау деп бағалады. Ол Hornets амфибиялық шабуылдаушы кемесіндегі америкалық жүздеген жауынгермен кездескен кезінде F-35 ұшақтарын жоғары бағалай келіп: "Бұл (F-35 ұшағы) жаудың проблемасы. Неге ол жаулар үшін проблема болады, білесіздер ме? Себебі, олар оны көре алмайды?" – деген.
Екі ел бұдан 70 жыл бұрын кескілескен ұрыс майданындағы ата жаулар еді. Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін Жапония өзінің ұлттық қорғанысында АҚШ-қа көбірек сүйенетін ел болды. Алайда, Жапонияның өзін қорғау қаблеті де жоғары деңгейде. Тек, Екінші дүние жүзілік соғыста жеңілген тұста қол қойған келісімге сай, 100 жылға дейін әскери қуатын белгілі шектен асырмауға келісім берген. Бірақ, соңғы жылдары Қытай әскери қуатының қарқынды артуына байланысты, Жапония үкіметі қорғаныс қуатын жетілдіруді қайта қолға ала бастады.
Дереккөз: qazaqtimes.com