Венесуэла оппозициясының көшбасшысы Хуан Гуайдо елдегі мәселені шешу мақсатында Норвегияның көмегіне жүгінбек. Бұл туралы Politico басылымы хабарлады.
Венесуэла халқын қалай да дағдарыстан алып шығуға бел буған Гуайдо елдің қазіргі президенті Николос Мадуромен келіссөз жүргізуден бас тартып отыр. Келесі аптада Венесуэла президентінің жақтастары Осло қаласында оппозиция өкілдерімен кездесіп, елде болып жатқан саяси қақтығыстар пен мүдделер қайшылығы жөнінде келіссөздер жүргізбек.
Дегенмен, Мадуро кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді ресми түрде мақұлдаған жоқ. Оппозиционердің айтуынша, оның Норвегиямен күш біріктіруі президент пен елдегі билік құрылымдарының ауысуына алып келуі тиіс. Егер жағдай тиісінше орын алмаса, Венесуэлада тағы да жаппай наразылық басталады. Бұған дейін Мадуро Үкіметі мен Норвегиядағы оппозиция өкілдерінің келіссөздері туралы хабарланған болатын. Гуайдо Норвегиядағы кездесуді келіссөздер деп атауға болмайды деген мәлімдеме жасады және бұл тек диалогты жолға қою әрекеті ғана.
Осыған дейін Венесуэла ассамблеясы Хуан Гуайдоны құқықтық иммунитетінен айыру туралы үкім шығарған. Аталған жағдайдан кейін Гуайдоның өзі жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, «арнайы қызметкерлер қастандық жасамақ» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, елдегі бірде-бір құрылымда құқықтық иммунитеттен айыру құқығы жоқ. Венесуэладағы саяси дағдарыс қаңтарда ушыға түскен. Сол уақытта Ұлттық ассамблея бақылауындағы оппозицияны басқарған Гуайдо өзін уақытша үкіметтің басшысы деп жариялаған болатын. Гуайдоны АҚШ-пен қоса 50-ден астам ел қолдады. Ал Қытай мен Ресей тарапы қазіргі басшы Николас Мадуро үкіметіне сенім білдіріп, билікке өзге мемлекеттердің араласуын «халықаралық құқықбұзушылық» деп атады.
Дереккөз: qazaqtimes.com