Атырау, 24 қараша 20:51
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қараойдағы батырға тағзым

Сурет
3 153 просмотра

Жылма-жыл азаттық жолында шейіт болған жыр семсері, ақберен батыр Махамбет ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ рухын ұлықтайтын поэзия күні оның Индер ауданындағы мәңгілік мекеніне айналған Қараойдағы мазары басында өтіп жүр.

Бұл жолы да дала өңірінде киіз үйлер тігілген. Үш күн бұрын ауданға ат терлетіп келген жеті суретші батыр бейнесін әртүрлі бағытта сомдайытын шығармаларын салып шыққан болатын. 30-шақты туындының ішінде белгілі суретшілер Ә. Жантасов, Т. Халиннің туындылары дараланып тұрды.  

Алысты-жақынды бас құраған шарада алдымен ақберен батырдың рухына арнаған құран оқытылды. Бұдан кейін аудан әкімі Мейрім Қалауи 1983 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан поэзия күнінің ерекшелігін, бүгінгі «Мен ақсұңқар сойы едім» деген мәдени шараның мазмұнын айтып өтті. Бұл шараға ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, Президент сыйлығының лауреаты Өтеген Оралбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының төраға орынбасары Бауыржан Жақып, жазушы Марат Мәжитов, күйші Шәміл Әбілтаевтар зерттеулерін ортаға салып, ұлы тұлғаның поэзиясынан үзінділер оқыды. 

Қасиетті Қараой жерінде өлең өріліп, ән әуелеп, күй күмбірлеген бұл шарада Махамбеттің «Өкініш», Құрманғазының «Кішкентай» күйлері Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің орындауында қалықтап тұрды. Махамбет атындағы драмалық театр да өз көріністерін ала келген. Ауыл өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салған бұл күннің мәні мен мағынасы ақын, батыр, күрескер Махамбеттің шығармашылығын дәріптеу бағытында өріліп жатты.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА         

28 мамыр 2019, 10:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.