Атырау, 24 қараша 20:50
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Индер ауданында зауыт пен екі мәдениет үйі ашылды

Сурет
5 531 просмотра


Индер ауданында бес жыл бұрын қаржылық қиындықтармен жұмысын тоқтатқан құрғақ құрылыс қоспалар өнімін шығаратын зауыт инвесторлардың арқасында қайтадан іске қосылды.


Индербор кентінен екі шақырым жерде орналасқан бұл зауытты 2010 жылы  «BIAS TECH» ЖШС ашып, бастапқыда жылына жобалық қуаттылығы 125 мың тонна гипс шығаруды, 150 мың тонна құрғақ қоспаларды өндіру жоспарланған. Алайда 4 жылдан кейін зауыт жұмысы дұрыс жүрмей, банктен алған несиелер уақытында өтелмей, кәсіпорын жұмысын тоқтатады. Ал 2018 жылдың қыркүйек айында «АзияКредитБанк» АҚ және алматылық «Fincraft Resources» АҚ мекемелері зауытқа инвестиция салу үшін келісімшарт жасайды. Осыдан кейін «Fincraft Resources» АҚ-тың еншілес компаниясы «Ақтау Битумы» ЖШС өз жұмысын бастады. Алдымен техникаларды жаңалап, құрылыс қоспаларын өндіруді бастап кетті.

- Нысанды қайта іске қосу үшін 4 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Зауыт  құрылғылары Түркияның заманауи үлгідегі құрал-жабдықтарымен жабдықталған, - дейді «Ақтау Битумы» зауытының қаржылық директоры Дамир МУСИН. – Барлық жұмысшылар жергілікті тұрғындар, әзірге 30 адам болса, соны келешекте 82-ге жеткізу ойымызда бар.


Жергілікті тұрғындар үшін жақсылықтар мұнымен аяқталмады. «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасы негізінде демеушілікпен салынған Есбол ауылында 300 орындық, Бөдене ауылында 200 орындық мәдениет үйі ашылды.  Екі нысанда кітапхана, оқырман залы, би үйірмесі, музыкалық, техникалық, әкімшілік бөлмелері бар. Музыкалық құрал-жабдықтар, ұлттық киімдермен қамтамасыз етілген.

Айта кету керек, сәйкесінше 5000 және 1700-ге жуық халқы бар Есбол және Бөдене ауылдарында мәдени ошақтары мүлдем жоқ еді. Бөденедегі клуб 1990 жылдары жекеге сатылып, кейін бұзылған. Содан бері мәдени қызметкерлер әр босағада, біресе әкімшілік, біресе совхоз кеңсесінің бір бөлмесін сағалап келген болатын.

- Осы салада өмір бойы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Мәдени ғимараттың болмауынан әр жерде көшіп-қонып жүруі жаныма қатты бататын еді. Енді жақсы болды, - дейді еңбек ардагері Қайыржан МЕҢДІҒАЛИЕВ.

Мәдениет ошақтарының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ қатысып, жергілікті тұрғындарды құттықтап, мердігерлерге алғысын білдірді. Содан кейін жергілікті өнерпаздар мен белгілі эстрада әншісі Алтынай Жорабаеваның қатысуымен концерт болды.         

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор     

28 мамыр 2019, 09:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.