Украина президенті Владимир Зеленский алғашқы жұмыс сапарын Луганск облысынан бастап, әскерилердің Луганск пен Счастьедегі позициясын көріп қайтты. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысы сарбаздармен тұрмыс жағдайы, ас-су сапасы, техникамен, баспана және әлеуметтік жәрдеммен қамту, бөлімшелерді жасақтау жайында әңгімелесті" деп жазылған хабарламада.
Зеленский Станица Луганская кентінде алдыңғы шептерді - бақылаушылар посты мен блиндаждарды аралаған. "Қарсыластың таяудағы позициясы 400 метр жерде тұрды" деп жазады президенттің баспасөз қызметі.
Президент Біріккен күштер операциясының қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Свирскийдің қақтығыс аймағындағы жағдай туралы баяндамасын тыңдаған. Кеңеске Бас штаб басшысы – Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Хомчак қатысқан.
Дереккөз: Азаттық радиосы