Бүгін, 27 мамырда Балықшыда 10 жасар бала Жайыққа батып кетті. Оның екі досы - 8 жастағы №5 мектеп оқушысы және №17 мектептің 12 жасар оқушысы құтқарылды.
Құтқарушылардың екі тобы суға батқан баланың денесін іздестіруде. Сол жерде жедел-іздестіру тобы жұмыс жасап жатыр. Ал құтқарылған балалар ауруханаға жеткізілді.
- «103» пультіне шақырту сағат 16:32-де түсті. Құтқарылған балалар облыстық ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлады "АЖ"-ға қалалық "жедел жәрдем" станциясының бас дәрігері Ерлан СҮЙЕУҒАЛИЕВ. - Баланың кішісі көп зардап шеккен. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Болжам бойынша, балалар бетон қоршаудың шетінде ойнап жүріп, өзенге құлап кеткен.
Суға кеткен баланың денесі Жайықтан кешкі сағат 9-дарда табылды. Белгілі болғандай, балалар су жиегіндегі бетонда ойнап жүргенде 10 жастағы бала суға құлап кетіп, достары оны құтқармақ болып соңынан секірген.
Фархат ӘБІЛОВ