Атырау, 24 қараша 20:24
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинаға жеткізілетін Теңіз газына Ресей кедергі жасады

3 248 просмотра


«Теңізшевройл» компаниясы Украина бағытына сұйытылған газ жөнелтуді тоқтатты. Бұл туралы еnkorr.com.ua сайты ТШО-ның TERM-шарттарын ұстаушы украиналық компаниялардағы бірнеше дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады.

Мақалада ТШО-ның 1 маусымнан бастап Украинаға қатысты ресейлік санкциялардың күшіне енуіне байланысты Ресей-Украина шекарасы арқылы өтетін вагондарда проблемалар туындауы мүмкін деп қауіптенетіндігі айтылған. Сол жерде киевтік трейдерлік компания басшысының мәлімдемесі келтірілген: «Ресейлік тараптан Украина шекарасына өтуге рұқсат жоқ. Әзірге осы: ешкімге маусым айының жоспарлары бекітілген жоқ». Ал басқа дереккөздің айтуынша, 25 мамырдан бастап мамырдағы TERM-шарттардың аясында жөнелтілетін, ақысы төленген партияларды құю да тоқтатылған.

Фейсбуктегі өз парақшасында «Укргаздобыча» АҚ коммерциялық директоры Сергей Федоренко қалыптасқан ахуал жайлы хабарлады. Оның айтуынша, «Теңізшевройл» компаниясы РФ аумағымен теміржол арқылы транзиттік тасымалға рұқсат ала алмайды. Маусым айынан бастап басқа қазақстандық жеткізушілер де Украина нарығына жеткізілімді жүзеге асыра алмауы әбден мүмкін. Мұндағы үлес көлемі - бүкіл нарықтың 20%-ы».   

А-95 консалтингтік тобының деректері бойынша, 2017 жылы жеткізілім басталған кезде Украина ТШО-дан 55 мың тонна, ал 2018 жылы 208,3 мың тонна сұйытылған газ алған.

2019 жылдың сәуірінде жеткізілімдер 21,5 мың тонна болды. Өткен жыл ішінде Украина Қазақстаннан 257 мың тонна сұйытылған газ (жалпы нарық көлемінің 15%-ы) импорттады. Бұл ахуал 18 сәуірде РФ премьер-министрі Дмитрий Медведевтің 1 маусымнан бастап Ресей мұнай өнімдері мен көмірді Украинаға экспорттауға тыйым салғаны туралы мәлімдемесінің нәтижесінде қалыптасты.

ТШО компаниясы әзірге бұл ахуалға түсініктеме берген жоқ.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

27 мамыр 2019, 17:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.