«Мұнай дәуірі аяқталған жоқ!» - деп мәлімдеді Атырауда өткен V геологиялық форумда «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай ҚАРАБАЛИН. Бұл оның ресейлік экономист Герман Грефтің «тас дәуірі секілді мұнай ғасыры да аяқталды» деген танымал мәлімдемесіне жауабы болатын. Рас, Греф мұны бірнеше жыл бұрын «қара алтынның» бағасы қатты құлдыраған кезде айтқан еді. Қарабалиннің пікірінше, ол қатты асығыстық танытқан.
- Содан бері қарай мұнай бағасы 3 есеге артты. Ол әлі де ұзақ уақыт жер шарының негізгі энергия ресурсы болады. Халықаралық автоөндірушілер ұйымының болжамы бойынша, таяудағы 20 жылда дәстүрлі жеңіл көліктер саны әлемде 1 миллиардтан 1,5 миллиард бірлікке дейін өседі. Мұнда жеңіл автокөлік мұнай тұтыну құрылымының 27 пайызын ғана қамтиды, - деп санамалап шықты Қарабалин.
Содан кейін ол мұнайгаз-химия саласының болашағы туралы сөз қозғады. Соңғы 40 жылда әлемде термопластикті тұтыну 7 есеге артқан. Халықаралық энергоагенттіктердің болжамы бойынша, кем дегенде ол таяудағы 20 жылда екі еселенеді. Әлемдік химия нарығының көлемі қазір 4,5 трлн доллар деп бағаланып отыр. 2030 жылға қарай ол екі есеге өседі деп күтілуде.
ӨЗІМІЗДЕ НЕ БАР?
- Республикада өндірілетін мұнайдың 52 пайызы Атырау облысының еншісінде, - деді облыс әкімінің орынбасары Айбек КРАМБАЕВ. – Біздің өңірімізде 2018 жылы 47 млн тоннадан астам мұнай мен 23 миллиард ілеспе газ өндірген 28 жер қойнауын пайдаланушы бар.
Бүгінде Қазақстан барланған мұнай қоры бойынша әлемде 12-орында тұр.
- Өндіру көлемі артуда. Өткен жылы 94,1 млн тонна рекордтық деңгейге жеттік. 2025 жылы өндіру көлемі 100 миллионнан асуы тиіс. Бірақ ресурстық базаны толықтыру артта қалып отыр. 2009 жылы ҚР мұнай бассейндерін кешенді зерделеу және қолда бар геологиялық деректерді талдау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта «Қазмұнайгаз» бассейндік модельдеу бойынша Каспий маңы, Маңғышлақ, Оңтүстік Торғайдың ең перспективалы аумақтарын қамтитын кең ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр, - деді ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ.
Оның айтуынша, өткен жылы қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс геологиялық барлау мерзімін күшейткен:
- Біз барлау кезеңін саналы түрде шектедік. Күрделі емес кен орны үшін 6 жыл және теңізде 5 мың метрден астам тереңдікте орналасқан кеніштер үшін 9 жыл. Бұл жер қойнауын пайдалану құқығын алған компаниялар алаңды ұстап қана қоймай, өз жауапкершілігін түсінуі үшін жасалған. Эни компаниясының Исатай жобасына және Лукойл компаниясының Жеңіс жобасына кіруі сияқты фактілер қабылданған заңнамалық өзгерістердің тиімді екеніне дәлел болады. Бұл жобалар бойынша келіссөздер ұзақ жүргізілген болатын. Қазір біз Абай келісімшарттық аумағын зерделеу бойынша ұлттық компаниямен келіссөздер жүргізудеміз. Хазар және Қаламқас-теңіз секілді барланған кеніштерді игеру бойынша осы жылы мердігерлерден жоспар жобасы мен игерілетін бюджетті күтеміз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор