Базарға жетпей "ғайып" болған картоп
Демалыс күндеріне қарай «Дина» базарында сиыр етінің бір келісінің бағасы 1500 теңгеге дейін шарықтап кетті. Ал облыстық әкімдіктің резервіндегі арзандатылған картоп сататын сөрелер босап қалды. Базар ішінде біздің қорымызды сатып алушы басқа облыстың алыпсатарлары жөнінде қауесет жүріп жатты.
Ахуалға қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Қадырғали ТҰРҒАНОВ комментарий берді.
«Етке қатысты жағдай тұрақталуы тиіс. Сенбіде сиыр еті ауа-райының қолайсыздығына байланысты Оралдан мал әкелінбегендіктен қымбаттап кетті. Өткен сенбі күні таңертең бар болғаны 27 мүйізді ірі қара сойылды. Салыстырар болсақ: жексенбі күні 74 мүйізді ірі қара сойылған. Базардағы сатушылар бұған кінәлі емес, олардың өздері еттің келісін 880-900 теңгеден алған.
«Әлеуметтік» картопқа келер болсақ, басқа да қаладағы мекемелер секілді, көкөніс қоймасында сенбі күні қысқа күн болған. Қоймадағы картоп қоры әлі 3 айға жетерлік. Картоптың бүкіл қорын сатып алды деген қауесет негізсіз. Ол күніне қалаға 10 тоннадан жеткізіліп тұрады, әдетте осы көлем жеткілікті болады. Сәл ғана жексенбі күніне жетіңкіремей қалған.
Тағы бір жақсы жаңалық бар: Орал қаласындағы қоймаларға 100 теңге көтерме бағамен Германиядан картоптар түскен. Демек, бөлшек бағамен ол шамамен 120 теңге тұрады. Кәсіпкерлер оны әкелу үшін Батыс Қазақстан облысына кеткен. Бірақ оларға тағы да ауа-райының қолайсыздығы кедергі болып отыр. Қалада картопқа қатысты проблема кешікпей жойылатын болады».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ