Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жүргізген тексеруден кейін елімізде медицина саласының 484 маманы қызметті сертификатсыз жүзеге асырып келгені үшін жұмыстан шеттетілді. Оның ішінде Атырау облысының 55 қызметкері бар. Бұл туралы Атырау облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Светлана ЖҮНІСОВА брифингте хабарлады.
Жүнісованың айтуынша, пациентпен жұмыс жасайтын кез келген медицина қызметкері 5 жыл сайын сертификаттаудан өтіп отыруы тиіс.
- Мамандардың өтініштері «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Үміткерлер сертификат алу үшін өтінімді қолда бар құжаттарының мерзімі аяқталуға 30 күн қалғанда береді, - деп түсіндірді С. Жүнісова. - Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау олардың кәсіптік даярлығын бағалау және біліктілікке сәйкестігін растау үшін жүргізіледі. Мерзiм аяқталғаннан кейiн сертификаттың қолданыс мерзімі тоқтатылады.
Жыл басынан бері Атырау облысында 588 маманға сертификат берілген.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ