Атырау, 24 қараша 21:04
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Отбасымен дүңгіршекке бұзып кірген азамат көлік жүргізу құқығынан айырылды

Сурет
2 738 просмотра
Кадрдан алынған бейнежазба

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 29 наурызда әйелі, бала-шағасымен бірге Toyota Hiace көлігімен көкөніс павильонына соғылған қалалық азаматқа қатысты қаулы шығарды. Осы оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің талқысына түскен болатын. Онда әйелдің және балалардың «әке, тоқта, біз түсеміз» деген дауыстары естіліп жатты. Бұл оқиға бастапқыда Қылмыстық кодекс аясында тергелген болатын.

Іс материалдарына сәйкес 32 жастағы Атырау қаласының тұрғыны А. мас күйінде жұбайы және балалары отырған «Тойота» көлігін жүргізген. 00:20 сағатта «Молекула» айналма жолында Балықшы бағытына қарай бұрылған кезде басқа бір көлікпен соқтығысып, «Сауран» базары маңындағы көкөніс павильонына басып кірген.

Әлеуметтік желілердегі куәгерлер түсірген сурет

Кейін ол әлеуметтк желіде өз өкінішін білдірді:

- Қазір маған көп адамдар наразылық танытып, қатты сынға алып жатыр. Бірақ, мен ешкімге зиянымды тигізгім келмейді, оның үстіне өз отбасымды қатерге қалай қиям. Мен балаларымды адам етсем деп еңбек етіп жүрген қарапайым ғана адамдардың бірімін. Мен өзімнің ішімдік ішіп, өзімді ұстай алмай, осындай қателікке ұрынғаныма қатты өкінемін. Сіздерден мені қатты мінеп, сөге көрмеңіздерші деп шын ниетіммен сұраймын.

Полиция бастапқыда жеті жасар баласының оқиға салдарынан ауруханаға түсуіне байланысты  ҚР ҚК 345 бабы, 1 бөлімі («Көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда, медициналық сараптама қорытындысынан кейін іс ҚР ӘП кодексінің 608 бабы, 3 бөліміне («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйдегі адамның басқаруына беру –  жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге әкеп соққан әрекеттер»)  қайта ауыстырылды.

Сот қаулысымен азамат А. жүргізушілік құқығынан 5 жылға айырылды. Көкөніс павильонының иесіне шығынын өндіру жөнінде ештеңе хабарланған жоқ.

Фархат ӘБІЛОВ

26 мамыр 2019, 16:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.