23 мамырда қалалық мәслихат сессиясында балалардың жазғы демалысы және жасөспірімдерді жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды. Ресми деректерге сүйенсек, ұйымдастырылған демалыспен Атыраудағы балалардың 90%-ы қамтамасыз етіледі. Ал Италияға жетім балалар ғана барады.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза ШАҢГЕРЕЕВА баяндама жасады.
- Биыл балаларды сауықтыру демалысын ұйымдастыру және жасөспірімдерді жұмысқа орналастыру үшін жергілікті бюджеттен 39 млн теңге бөлінді (салыстыру үшін - өткен жылы 15,3 млн). Атап айтсақ, мектеп жанынан тамақпен қамтамасыз етілетін 41 лагерьді ұйымдастыруға 17,1 млн, басқа қалаларға жолдамалар үшін 0,9 млн теңге бөлінген.
Бұдан басқа, қаладағы 49 мектеп жанынан 4 837 балаға арналған тамақтандыру ұйымдастырылмаған демалыс топтары ашылады. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының демалысын тиімді ұйымдастыру және жоғары сынып оқушыларын еңбекке тарту үшін жалпы саны 9 720 оқушы қамтылатын 52 көгалдандыру жасағы ұйымдастырылады. «Қазақстан геологы» пансионатында 212 бала, қала сыртындағы «Тұлпар» лагерінде 244 бала демалады. Мұнай компанияларының бірінің демеушілік қаржысына 26 жетім бала Италияда демалады. Жалпы, 2019 жылдың жазында 45194 баланың демалысын ұйымдастыру жоспарланып отыр, бұл жалпы санның - 89,9%.
Депутат Қанат ӘЗМҰХАНОВ Италияда демалатын балаларды іріктеу қалай жүргізілгенін сұрады. Шаңгереева оқу орындарының тізім бергенін және қалалық білім беру бөліміндегі жетімдер тізімі бойынша тексерілгенін айтты.
Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Серік ҚАДЫРОВ жасөспірімдерді уақытша жұмыспен қамту туралы айтты:
- Қазір бізде «Жасыл қала - жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасына қатысатын жастар тіркелуде. 16 жастан 29 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Осы жобаны іске асыруға 160,1 млн теңге бөлінді. Жарты жыл ішінде құрылыс жасағы ағаш отырғызады, гүлзарларға күтім жасайды, саябақтардың, алаңдардың аумақтарын, демалыс аймақтары мен аулаларды абаттандырады. Қазір барлық оқу орындарында осы құрылыс жасақтарына қатысуға үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ