23 мамырда таңертең Атырауда бұрынғы химия зауытының аумағында дәнекерлеу жұмыстарын жасау кезінде сыйымдылығы 500 текше метр бос резервуар өртенген. Алдын ала мәліметтер бойынша, резервуар ішіндегі мазут қалдықтары өрттің тұтануына себеп болған.
- Сағат 10:24-те шақырту түсті. Сол жерде 44 қызметкер мен 11 техника бірлігі жұмыс істеді. Өрт сағат 13:22-де сөндірілді. Өрт жақын маңдағы ғимараттарға өршімеді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кету керек, қазіргі уақытта химзауыт жоқ. Бірақ оның ескі цехтарында шағын мұнай-химия, сұйытылған оттегі және жиһаз өндіретін өндірістер жұмыс істейді. Сол маңда АЖЭО мен АМӨЗ орналасқан. Қалада ЖЭО өртеніп жатыр деген қауесет осыған байланысты таралған болуы мүмкін.
Фархат ӘБІЛОВ